Жаңалықтар
Қазақстандық спортшыларға енді боқтық сөз айтуға және діни сенімін ашық көрсетуге тыйым салынады

Фото: Vesti.kz
Қазақстандағы спортшыларға, жаттықтырушыларға және спорт төрешілеріне балағат сөздер айтуға және өздерінің діни сенімдерін көрсетуге тыйым салынды, деп жазды qandastar.kz
Сондай-ақ басқаларды діни бірлестіктерге қатысуға және миссионерлік қызметпен айналысуға мәжбүрлеуге тыйым салынады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов 27 маусымдағы «Қазақстан Республикасының спорттық этикасын бекіту туралы» бұйрығын жариялады.
«Спорттық этика» құжатында екі бөлім бар: жалпы ережелер мен мінез-құлық ережелері. Бірінші бөлімде жаттықтырушы, төреші, жарыс, спорттық іс-шара, сонымен қатар спорттық этика анықталады. Соңғысы спортшылардың, жаттықтырушының, жаттықтырушы-оқытушының және спорт төрешілерінің мінез-құлық ережелері.
Екінші бөлім мінез-құлық ережелерін реттейді.
“Спортшыларға балағат сөздер айтуға, жаттығу туралы ақпаратты жариялауға, Қазақстанның беделіне нұқсан келтіруге, біреуді қорқытуға тыйым салынады. Спортшылар қоғамға жат әрекеттерден, соның ішінде қоғамдық орындарда мас болудан аулақ болуы керек. Қазақстанның атынан қатысатын спортшылар қарсыластарды, көрермендерді, ұйымдастырушыларды, еріктілерді құрметтеуге, кемсітушілік пен саяси демонстрацияларға жол бермеуі керек. Спортшылар әнұранды орындау кезінде этикалық нормаларды сақтауға, төрешілердің шешімін құрметтеуге, қоғамдық даулардан аулақ болуға, БАҚ өкілдерімен сыйластық қарым-қатынаста болуға және басқа спортшыларға үлгі болуға тиіс”, – делінген ережелерде.
Құжат жарияланғаннан кейін 10 күн өткен соң күшіне енеді.