Шығыс Қазақстан облысындағы «Глинковское» кен орнында заңсыз кәсіпкерлік қызметке қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады, деп жазады qandastar.kz сайты Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Тергеу дерегінше, ЖШС-тердің бірінің басшысы қатты пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру мен өткізу ісін ұйымдастырған. Компанияда тек геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге лицензия болғанымен, өнеркәсіптік өндіруге рұқсат алмаған. Соған қарамастан, аталған учаскеде темірқұрамды тау жынысын өндіру іс жүзінде жүргізілген. Шикізат өңделіп, қоймаларға жиналып, ішкі нарықта да, шетелге де, соның ішінде Қытайға сатылған.
Агенттіктің мәліметінше, жұмыстар барысында ауыр арнайы техника пайдаланылған. Бұл қоршаған ортаға елеулі зиян келтіріп, жер бедерінің табиғи құрылымы бұзылған, сондай-ақ жердің тозуы тіркелген. Заңсыз өндірілген өнімнің жалпы көлемі 70 мың тоннадан асқан. Қылмыстық жолмен алынған табыс көлемі 1 миллиард теңгеден асып түскені анықталды.
Күдікті тұлға бұл заңсыз қаражатқа жылжымалы және жылжымайтын мүлік – бизнес-орталық, Алматы қаласынан пәтер, Land Rover Range Rover автокөлігін, екі автотұрақ орнын және екі жер телімін сатып алған, – делінген Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарламасында.
Сот санкциясымен аталған мүліктерге тыйым салынды.
ҚМА өкілдері бұған дейін де ШҚО аумағында заңсыз алтын өндірумен айналысқан екі қылмыстық топтың әрекеті әшкереленгенін еске салды. Бұл заңсыз қызмет орман алқаптарының жойылуына, өзен арналарының өзгеруіне және топырақтың құнарлы қабатының бүлінуіне әкеп соққан.



