Өзбекстан үкіметіне қарасты стратегиялық шикізатты терең өңдеумен айналысатын Технологиялық металдар комбинаты (ТМК) Қазақстанда өндіріліп жатқан вольфрам концентратын сатып алуға дайын, деп жазды qandastar.kz
Қазақстанның жаңа өндірісі: Боғұты кен орнының әлеуеті
Кәсіпорынның техникалық кеңесшісі Метин Алемдар өзбек комбинаты қазақстандық өндірушілермен байланыс орнатқанын айтты. inbusiness.kz-ке берген сұхбатында ол вольфрам концентратын импорттауды жоспарлап отқанын да жеткізген.
Қазақстанда вольфрамды өнеркәсіптік көлемде өндіру 2024 жылы Алматы облысындағы Шарын шатқалына жақын орналасқан Боғұты кен орнында басталған. Кен орнын игеру жұмысын «Жетісу Вольфрамы» жүргізеді. Компанияның негізгі акционері – 2024 жылы IPO-ға шыққан қытайлық Jiaxin International Resources Investment Limited.
Боғұты әлемдегі ең ірі төртінші вольфрам кен орны саналады. Ресми мәліметке сәйкес, оның қоры шамамен 120 млн тонна шеелитке бағаланған. Мұнда жылына 3,3 млн тонна руда өңделіп, шамамен 10 мың тонна 65%-дық вольфрам триоксиді концентраты өндіріледі. Өнімнің негізгі бөлігі Қытай нарығына бағытталған. 2027 жылға қарай өндіріс көлемі 4,95 млн тонна рудаға дейін артады деп жоспарланған.
Қазақстанда вольфрамға бай өзге кен орындары да бар: Ақсораң, Солтүстік Қатпар және Жоғарғы Қайрақты. Соңғы екеуін Cove Capital мен «Тау-Кен Самұрық» бірлесіп, 1,1 млрд долларлық жобамен игеруді бастаған. Өндіріс шамамен 3,5 жылдан кейін іске қосылады.
Өзбекстанның вольфрам индустриясы кеңеюде
Қазіргі уақытта Шыршық қаласындағы ТМК негізінен жергілікті шикізатты өңдейді. Алемдардың айтуынша, Өзбекстан Орталық Азияда вольфрамды гидрометаллургиялық және пирометаллургиялық әдістермен толық циклде өндіретін жалғыз ел.
Алайда Шыршықтағы өндірістік қуат шектеулі. Сондықтан Самарқандта жаңа гидрометаллургиялық кешен салынып жатыр. Ол 2027 жылдан бастап жылына 5 мың тонна, 2029 жылы – 10 мың тонна, ал 2030 жылға қарай 15 мың тоннаға дейін вольфрам оксидін өндіретін болады.
Өндірістің ұлғаюы шикізатқа сұранысты арттырып, комбинатты сыртқы жеткізушілерге – соның ішінде Қазақстанға – көбірек жүгінуге итермелейді. Қазір зауыт ескі кен орындарының қалдықтарын қайта өңдеумен және Сарыкөл атты жаңа кен орнын игерумен айналысып жатыр. Онда шеелит пен вольфрамит аралас кен бар. Кен орнының технико-экономикалық негіздемесі жыл соңына дейін дайындалады.
ТМК-ның басқа өнімдері және жаңа жобалар
Вольфрамнан бөлек, ТМК Алмалық тау-кен металлургия комбинатының қалдықтарынан молибден өндіріп отыр. Сонымен қатар, мыс рудаларынан рений, сондай-ақ теллур мен осмий алуға бағытталған жобалар дамып келеді.
Комбинат жылына 500 мың тонна өнім шығаратын жаңа күкірт қышқылы зауытын да салуда. Онда Өзбекстан ішкі нарығынан алынатын күкірт, мұнай өңдеу зауыттарының қалдықтары және импорттық шикізат пайдаланылмақ.
Күкірт қышқылының Қазақстанда қымбаттауы бұл жобаның аймақ үшін маңызын арттырып отыр. Себебі сұраныс, әсіресе «Қазатомөнеркәсіп» өндірісінің кеңеюіне байланысты, айтарлықтай өскен. Ресейден келетін қышқыл қымбат, ал Өзбекстан экспорты бұрын тоқтап қалған. Жаңа зауыт іске қосылғанда, өңірдегі тапшылықты азайтуы ықтимал.



