Қазір қазақстандықтар бір-бірінің көзіне шөп салған-салмағанын полиграф арқылы тексере бастады. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы Nege.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Полиграфолог Евгений Ивановтың айтуынша, соңғы жылдары отбасылық мәселемен жүгінетіндер қарасы артқан. Ерлі-зайыптылар арасындағы күдік пен сенімсіздік тіпті 63 жастағы қарияны да әйелін «шындық детекторына» алып келуге итермелеген.
Осы күндері әлеуметтік желілер мен хабарландыру платформаларында «әйеліңді немесе күйеуіңді полиграф арқылы тексереміз» деген жарнамалар жиілеп кетті. Бұл қызметті кімдер пайдаланады, қандай жағдайда жүгінеді деген сауалдың жауабын алу үшін 16 жылдық тәжірибесі бар полиграфолог Евгений Ивановпен сөйлестік.
Бұрын полиграф қылмыстық істер мен арнайы қызметтердің құралы ретінде ғана қабылданса, бүгінде оны отбасы мүшелері бір-бірін тексеру үшін де қолдана бастады.
«Күн сайын дерлік ерлі-зайыптылар жүгінеді. Көбіне оларды “Жұбайым басқа біреумен сөйлесіп жүр ме, жасырын хат алмасып, байланыс орнатып жүр ме?” деген сұрақтар мазалайды. Мұндай күдікке ерлер де, әйелдер де бірдей бой алдырады. Әдетте, шын мәнінде опасыздық жасаған адам тексерілуге келе бермейді. Ал кейбірі полиграфты алдауға болады деп сенеді. Алайда өтірік ұзаққа бармайды, ақиқат дәл осы жерде ашылады. Бүгінде мұндай тексеруден тек жастар ғана емес, егде жастағы адамдар да өтуде», – дейді Евгений Иванов.
Маманның айтуынша, таяуда 63 жастағы қария әйелін күйеу баласынан қызғанып, шындықты анықтау үшін полиграфқа жүгінген. Себебі олардың қарым-қатынасы оған тым жақын көрінген: күйеу баласы келген сайын енесі ерекше ықылас танытып, алды-артына түсіп қызмет етеді екен. Алайда полиграф тексерісі олардың арасында қандай да бір жеке байланыс жоқ екенін көрсетті.
Полиграфологтың тәжірибесінде алаңдатарлық жағдайлар да болып тұрады. Оның айтуынша, кейде ата-аналар кәмелетке толмаған қыздарын ертіп келеді.
«Кейбірі өзінен үлкен ер адамдармен хат алмасып, кейін олардан ақша бопсалайды екен. Ақша бермесе, полицияға арыз жазамын деп қорқытады. Мұндай жағдайда істің ақ-қарасын полиграф арқылы анықтауға болады», – дейді маман.



