Жаңалықтар

Қазақстандықтар декларация тапсырмайтын болды

Фото: ашық дереккөз

Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтарды жаппай декларация тапсыруға міндеттеуге қатысты пікір білдірді. Мемлекет басшысы ауқымды жұмыстардан соң келер жылы азаматтарды декларация тапсыруға міндеттеу бастамасын қайта қарау қажеттігін меңзеді. Үкімет те дер кезінде әрекет етіп, бүгін 2025 жылы жеке тұлғалар міндетті түрде декларация тапсырудан босатылатыны хабарланды, деп жазады qandastar.kz

«Президент жаппай декларациялау тәсілдерін қайта қарауды тапсырды. Қазір декларацияны 4 млннан аса адам тапсырады. Олардың ішінде мемлекеттік қызметкерлер, квазимемлекеттік сектор мен бизнес өкілдері бар. 2025 жылы азаматтардың қалған барлық санаты да декларация тапсырады деп жоспарланған. Оған халық алаңдаушылық білдірді. Сондықтан аталған мәселеге мемлекет басшысы өзінің назарын аударды», – деді Премьер-министр Олжас Бектенов.

Оның айтуынша, қазір мемлекеттік органдардың базасы барынша цифрландырылған, қаржылық және валюталық бақылау күшейтілді.

«Халықаралық келісімдер шеңберінде шоттар бойынша деректер алмасу жолға қойылды. Цифрлық қызметтер көрсету кең таралған. Сондықтан жалпы алғанда жеке тұлғалардың активтері бойынша барлық ақпарат бар. Қаржы және цифрландыру министрліктері тіркеу және салықтық бақылау үшін барлық цифрлық базадан, оның ішінде екінші деңгейлі банктерден мәліметтер алуды қамтамасыз еткені жөн», – деді премьер-министр.

Осыны негізге ала келе Үкімет жеке тұлғаларды декларация тапсырудан босату керек деген ұстанымға келген.

«Сондықтан мен 2025 жылы азаматтардың қалған санаттарын активтер туралы декларацияны міндетті түрде тапсырудан босату туралы Қаржы министрлігінің ұсынысын қолдаймын. Осыған байланысты қаржы министрлігі Ұлттық экономика, Әділет министрліктерімен бірге 3 күн ішінде қажет заңнамалық түзетулер әзірлеп Парламентке тиісті жұмысты жүргізуі керек», – деді Үкімет басшысы.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close