Жаңалықтар
Қазақстандықтардың 68,1 пайызы мемлекет дұрыс бағытта келе жатыр деп есептейді
Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты ағымдағы жылдың 11 мамыры мен 22 маусымы аралығында. әлеуметтанулық сауалнама жүргізді,-деп хабарлайды Qandastar.kz
Іріктеме көлемі 8000 респондентті құрайды. Сауалнамаға 17 облыс пен республикалық маңызы бар қалалар: Астана, Алматы және Шымкенттің 18 жастан асқан респонденттері қатысты.
Зерттеуге сәйкес, қазақстандықтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсаруға бейім, мысалы «Сіздің отбасыңыздың материалдық жағдайы соңғы бір жылда қалай өзгерді?» деген сұраққа респонденттердің үштен бір бөлігі (31,1%) өзінің және өз отбасының қаржылық жағдайы біршама жақсарды десе, ал үштен бірі (31,6%) өзгерген жоқ, сол күйінде қалды деп жауап берген. Респонденттердің 27,1%-ы өз әл-ауқатының айқын өсуін атап өтті. Ал респонденттердің 8,6%-ы қаржылық жағдайын белгілі бір дәрежеде нашарлады деп есептейді.
«СІЗДІҢ ОЙЫҢЫЗША, СОҢҒЫ ЖЫЛДА СІЗДІҢ ОТБАСЫҢЫЗДЫҢ МАТЕРИАЛДЫҚ ЖАҒДАЙЫ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРДІ?»
Ең төменгі жалақының 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін ұлғаюы, дәрігерлердің орташа жалақысының 30%-ға және орта буын медицина қызметкерлерінің жалақысының 20%-ға өсуі, зейнетақы мен жәрдемақылардың барлық көлемінің 4,4 миллионға ұлғаюы, жоғарғы оқу орындары студенттерінің, магистранттары мен докторанттарының шәкіртақысын көтеру, шағын несиелеу тәсілдерін өзгерту, кәсіпкерлікті реттеудегі жаңа тәсілдер және мемлекет қабылдаған басқа да шаралар қазақстандықтардың материалдық жағдайын жақсартып келеді.
2023 және 2024 жылдары денсаулық сақтау мен білім беруді дамытуға, тұрғын үй құрылысы мен жол жөндеуге мемлекеттік шығыстардың ұлғаюы азаматтардың бүгінгі өміріне қанағаттануының негізі болды. Бұл қазақстандықтар арасындағы әлеуметтік оптимизмнің айтарлықтай жоғары деңгейін түсіндіреді. Осылайша, қоғамдық пікірге сәйкес, азаматтардың 68,3 пайызы жарқын болашаққа үмітпен қарайды. Бұл көрсеткішке айтарлықтай жақсаруды күтетін респонденттердің 37,6%-ы және өмір сүру жағдайларының сәл жақсаруын күтетін 30,7%-ы кіреді. Бұл жағдайда қазақстандықтардың менталитетіне сілтеме жасау әдетке айналған, бірақ әлеуметтік оптимизмнің әлеуметтанулық түсіндірмесі ең алдымен ел азаматтарының сапалы білімге, денсаулық сақтауға, байланыс пен тұрғын үйге қолжетімділігінде жатыр.
«ҚАЛАЙ ОЙЛАЙСЫЗ, БІР ЖЫЛДАН КЕЙІН СІЗ (СІЗДІҢ ОТБАСЫҢЫЗ) ҚАЗІРГІГЕ ҚАРАҒАНДА ЖАҚСЫРАҚ ӨМІР СҮРЕСІЗ БЕ, ӘЛДЕ НАШАРЛАУ МА?»
Елді жан-жақты жаңғыртудың жоғары қарқыны айтарлықтай қоғамдық қолдауға ие – қоғамдық пікір сауалнамасының қорытындысы бойынша қазақстандықтардың 68,1%-ы ел дұрыс бағытта дамып келе жатыр деп есептейді.
Жалпы, қоғамдық пікірді зерттеу нәтижелері халықтың қаржылық жағдайындағы оң өзгерістерді және ел азаматтарының жоғары әлеуметтік оптимизмін көрсетеді.