Қаржы және төлемдер
Қазақстандықтардың депозиттерінде қанша ақша бар?

Фото: ашық дереккөз
Қордың деректеріне сүйенсек, депозиттік нарықтың негізгі бөлігін қарапайым салымшылар құрайды, деп жазды qandastar.kz
Өткен жылы халықтың банкке салған қаражаты 20,3%-ға өсіп, жалпы көлемі 24,5 трлн теңгеге жетті. Сонымен қатар банктердің жалпы активтері 20%-ға артып, 62 трлн теңгені құрады.
Қор мәліметінше, қазақстандықтардың басым бөлігі жинақтарын ұлттық валютада сақтауды жөн көреді. 2024 жылы теңгелік депозиттер 23,8%-ға өсіп, депозиттік нарықтың жалпы 20,3%-ға ұлғаюына негізгі үлес қосты. Оның ішінде теңгемен ашылған салымдар 17,4%-ды, ал шетел валютасындағы депозиттер 2,9%-ды құрады.
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап депозиттік мөлшерлемелерді реттеудің жаңа жүйесі енгізілді. Бұған дейін ҚДКБҚ барлық банктер үшін ең жоғары пайыздық мөлшерлемені белгілеп келсе, жаңа жүйе бұл шектеулердің басым бөлігін алып тастады. Бұл өзгеріс банктерге өз мөлшерлемелерін икемді реттеуге мүмкіндік беріп, салымшылар үшін бәсекеге қабілетті жаңа ұсыныстардың пайда болуына ықпал етті.
Қордың деректеріне сүйенсек, депозиттік нарықтың негізгі бөлігін қарапайым салымшылар құрайды. Жеке тұлғаларға тиесілі шоттар барлық депозиттердің 99,6%-ын қамтиды.
«Бұл салымдар көбіне күнделікті тұтыну мен күтпеген шығындарға арналғандықтан, тәуекелге толы инвестициялар қарапайым салымшылар үшін аса тартымды емес», – делінген хабарламада.