ЖаңалықтарҚаржы және төлемдер
Қазақстандықтардың мерзімі өткен несиесі 988 млрд теңгеге жетті
Фото: Ulysmedia.kz
1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстанда халыққа берілген несиелер 18,3 трлн теңгені құрап, маусым айында 2%-ға өсті (жыл басынан бері – 9,9%-ға өсті), деп хабарлайды Ulysmedia.kzҚаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне сілтеме жасап.
ХАЛЫҚҚА ЖӘНЕ ЭКОНОМИКАҒА БЕРІЛГЕН НЕСИЕ
Халыққа берілген несиелердің өсуі тұтынушылық қарыздардың 2,8%-ға – 11,6 трлн теңгеге дейін, сондай-ақ ипотекалық несиелендірудің 0,7%-ға – 5,5 трлн теңгеге дейін өсуімен байланысты екені хабарланады.
Экономикаға берілген несиелер бір айда 2%-ға – 30,1 трлн теңгеге дейін өсті (жыл басынан бері 7,7%-ға өсті), оның ішінде ұлттық валютада – 1,5%-ға, 27,6 трлн теңгеге дейін, шетел валютасында – 7,4%-ға 2,5 трлн теңгеге дейін. Нәтижесінде теңгемен берілген несиелердің үлесі 91,6% құрады.
БИЗНЕСКЕ БЕРІЛГЕН НЕСИЕЛЕР
Маусым айында бизнес субъектілеріне берілген несиелер 2%-ға – 11,8 трлн теңгеге дейін өсті (жыл басынан бері 4,5%-ға өсті). Олардың құрылымында заңды тұлғаларға берілген несиелер 1,6%-ға – 9,8 трлн теңгеге дейін өсті (жыл басынан бері 1,5%-ға өсті).
ШОБ субъектілеріне берілген қарыздар 5,8%-ға – 5,9 трлн теңгеге дейін өсті, ірі бизнеске берілген қарыздар 4%-ға – 3,9 трлн теңгеге дейін төмендеді. Бұл негізінен банктердің бірінің осы санаттағы қарыздарды ШОБ қарыздары санатына қайта жіктеуімен байланысты.
Жеке кәсіпкерлерге берілген несиелер бір айда 3,8%-ға – 1,9 трлн теңгеге дейін өсті (жыл басынан бері 23,1%-ға өсті).
Маусым айында бизнес субъектілеріне 1,4 трлн теңге сомасында жаңа қарыздар берілді. Бұл 2023 жылғы маусым айымен салыстырғанда 11,1%-ға көп (2024 жылдың алты айында 8,2 трлн теңге сомасында берілді, бұл 2023 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 19,8%-ға көп).
Өткен айда бизнес субъектілеріне ұлттық валютада берілген несиелер бойынша орташа өлшенген сыйақы мөлшерлемесі 19,6% (мамырда – 19,8%), халыққа – бөліп төлеуге берілген қарыздар үлесінің артуы нәтижесінде 17,5% құрады (мамырда – 19,3%).
МЕРЗІМІ ӨТКЕН ҚАРЫЗДАР
1 шілдедегі жағдай бойынша банк секторы бойынша 90 күннен асатын мерзімі өткен берешегі бар қарыздардың (NPL90+) деңгейі несие портфелінің 3,1%-ын немесе 988 млрд теңгені құрады (1 қаңтарда – 2,9% немесе 864 млрд теңге).
Бизнеске берілген қарыздар бойынша NPL90+ деңгейі 2,2% немесе 287 млрд теңгені, халыққа – 3,8% немесе 700 млрд теңгені құрады. Жұмыс істемейтін қарыздардың провизиялармен қамтылуы жоғары деңгейде сақталып, 70,9% құрайды (жыл басында – 75,9%).