Жаңалықтар
Қазақстандықтардың зейнетақы жинағына салынатын жеке табыс салығы кімдерге қайтарылмайды – Министрлік түсіндірді

Фото:Ru.freepik.com
Мәжілісте қазақстандықтар жеткілікті шектен асатын зейнетақы жинақтарын пайдалану кезінде жеке табыс салығын төлеу мәселесі көтерілді, деп жазды qandastar.kz
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қазақстандықтар пайдалану үшін алған зейнетақы жинағы жеке табыс салығына жатады. Жаңа Салық кодексінің жобасында бұл салықты алып тастау қарастырылған.
“Салық кодексі мен оған ілеспе құжаттар аясында зейнетақы жинақтарынан, оның ішінде біржолғы зейнетақы төлемдерінен де жеке табыс салығын алып тастау қарастырылып отыр. Алайда көп азамат бұған дейін зейнетақы жинақтарының бір бөлігін алған кезде жеке табыс салығын төлеген. Енді бір бөлігі бұл төлемдерді зейнетке шыққаннан кейінгі уақытқа қалдырған. Осыған байланысты “Бұрын төленген жеке табыс салығын қайтару жоспарланып отыр ма?” деген сұрақ туындайды”, – дейді депутат Нұргүл Тау.
Бұл сұраққа Ұлттық экономиканың бірінші вице-министрі Азамат Амрин жауап берді.
“Кейінге қалдырғандар жеке табыс салығын төлеуден босатылады. Ал төлеп қойғандардың ақшасы қайтарылмайды”, – деді вице-министр.
Бұған дейін Ұлттық экономика министрлігі зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан қашан босатылатынын және жаңа Салық кодексі қашан қабылданатынын айтқан еді.