
Қазақстан мен Өзбекстан арасында қатынайтын пойыз жолаушылары үшін жаңа мүмкіндік пайда болады.
1 қазаннан бастап №1/2 «Алматы–Ташкент» халықаралық пойызының құрамына әйелдерге арналған арнайы вагон қосылады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Жаңа қызметті «Жолаушылар тасымалы» АҚ іске қосады. Компанияның мәліметінше, мұндай вагондарға сұраныс жоғары. Бұған дейін Қазақстан ішіндегі пойыздарда бұл қызметті 946 мыңнан астам жолаушы пайдаланған.
«Алматы–Ташкент» пойызы екі елдің ірі қалаларын байланыстырады және қазір күн сайын қатынайды. Алматыдан пойыз кешкі сағат 19:05-те жолға шығып, Ташкентке келесі күні 12:53-те жетеді. Кері бағыттағы пойыз Ташкенттен 14:41-де шығып, Алматыға 08:51-де келеді.
Жаңа вагонда билеттер тек әйелдерге сатылады. Сонымен қатар әйел жолаушыларға әйел жолсеріктер қызмет көрсетеді. Жеті жасқа дейінгі ұл балаларды ересек адамның бірге жүруімен алып кіруге рұқсат етіледі.
Осылайша, «Әйелдер вагоны» қызметі бар теміржол бағыттарының саны 14-ке жетеді. Олардың қатарында Алматы–Маңғыстау, Павлодар–Түркістан, Астана–Алматы, Астана–Шымкент, Ақтөбе–Алматы және басқа да бағыттар бар.
Арнайы вагонға билетті кассадан немесе онлайн сатып алуға болады. Онлайн рәсімдеген кезде орынның әйелдер вагонына тиесілі екенін көрсететін «ЖН» белгісіне назар аудару қажет.
Билеттер пойыз жөнелетін күннен 45 тәулік бұрын сатылымға шығады.


