Биылдан бастап Автомобиль көлігі комитеті 5 мыңнан астам отандық тасымалдаушыға шетелдік рұқсат бланкілерін беруді тоқтатып, кәсіпкерлердің балансында тұрған жүк көліктеріне бұғат қою арқылы олардың халықаралық тасымалдарға шығуына шектеу қойды, деп жазады qandastar.kz
Кәсіпкерлердің айтуынша, бұл шектеулер ресми түсіндірме немесе хабарламасыз енгізілген. Соның салдарынан компаниялар миллиондаған шығынға ұшырап, халықаралық серіктестер алдындағы міндеттемелерін орындауда қиындыққа тап болуда.
Тасымалдаушылар өкілдері жеңілдік сұрап отқан жоқ.
– Біз ешқандай жеңілдік сұрап отырған жоқпыз. Біз тек заңның сақталуын талап етеміз. Бүгін мыңдаған көлік себепсіз бұғатталды, ертең бұл кез келген бизнеске әсер етуі мүмкін, – дейді олар.
Заңгер Сағи Ораздың пікірінше, комитеттің әрекеттері қолданыстағы заңнамаға қайшы.
– Қазақстандағы бірде-бір нормативтік актіде көлікті автоматты түрде бұғаттау қарастырылмаған. Тек рұқсат карточкаларын жоюға болады. Мұндай шараларды ескертусіз, тексерусіз қолдану – Конституция мен Кәсіпкерлік кодекстің бұзылуы, – дейді ол.
Бизнес өкілдері көліктерді дереу бұғаттаудан босатуды, комитет әрекетіне құқықтық баға беруді, бұзылған құқықтарды қалпына келтіруді және құқыққа қайшы әрекеттерді тоқтатуды талап етуде.
Логистика нарығындағы сарапшылар мұндай қадам Қазақстанның транзиттік беделіне нұқсан келтіруі мүмкін деп ескертеді. Бұл халықаралық серіктестердің сенімін төмендетіп, экспорт-импорт тізбегінің бұзылуына әкелуі ықтимал.



