
Фото: istockphoto.com
Қазақстан азаматтарының төлқұжаты жаңа кейіпке енбек. Мемлекеттік хатшы Ерлан Қариннің айтуынша, жаңа үлгідегі құжатты әзірлеу жұмысы 2025 жылдың ақпанында басталған, деп хабарлады qandastar.kz.
Оның мәліметінше, қазіргі төлқұжат 17 жылдан бері қолданылып келеді және заман талабына сай жаңартуды қажет етеді.
Жаңа дизайнды Ұлттық банктің жетекші дизайнерлері мен Банкнот фабрикасының сарапшылары дайындап жатыр. Олар халықаралық талаптарды, заманауи үрдістерді және қауіпсіздік стандарттарын ескере отырып, төлқұжаттың визуалды тұжырымдамасын әзірлеген.
Ерлан Қариннің сөзінше, жаңа төлқұжат:
- минималистік бағытта жасалады;
- виза беттерінде фондық суреттер қолданылады;
- жалған құжат жасауға қарсы қорғаныс элементтері күшейтіледі;
- Қазақстанның ұлттық болмысын және мәдени әр алуандығын көрсетеді.
Мемлекеттік хатшы жаңа дизайн жақын арада көпшілікке таныстырылатынын айтты. Сонымен қатар, төлқұжаттарды жаппай ауыстыру көзделмеген: жаңа құжат тек мерзімі біткенде, бүлінгенде немесе азаматтың жеке өтініші бойынша беріледі. Төлқұжаттың құны өзгеріссіз қалады.
9 қазанда Ерлан Қарин Банкнот фабрикасының мамандарымен кездесіп, жаңа төлқұжаттың цифрлық үлгісі мен техникалық аспектілерін талқылаған.