Әлеумет және қоғам

Қазақстанның үш облысында су тасқыны қаупі бар

Қазгидромет синоптиктерінің хабарлауынша, Абай, Шығыс және Батыс Қазақстан облыстарында 23-30 наурыз аралығында ауа температурасының көтерілуі мен жауын-шашынның түсуіне байланысты қар қарқынды ериді. Бұл өзендердегі су деңгейін көтеріп, су тасқыны мен су басу қаупін тудырады.

Қазгидромет синоптиктері алдағы күндері Қазақстанның бірнеше облысында су тасқыны қаупі бар екенін ескертті, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Абай облысында 23-25 наурыз аралығында ауа температурасының күндіз +5…+10°C, ал оңтүстік аудандарда +13°C-қа дейін көтерілуі, түнде 0…+5°C болуына және 24 наурызға болжанған жаңбыр жаууына байланысты қар қарқынды ериді. Мұз құбылыстары әлсіреп, еріген қар суы мен беткейлік ағындар пайда болып, өзендердегі су деңгейі көтерілуі мүмкін. Бұл су тасқыны мен су басу қаупін тудырады.

Шығыс Қазақстан облысында да 23-25 наурыз аралығында солтүстік, оңтүстік және шығыс аймақтарда қардың қарқынды еруі күтіледі. Мұз құбылыстары әлсірейді, еріген судың ағысы қалыптасады, өзен деңгейі жоғарылайды, салдарынан су тасу қаупі сақталады.

Батыс Қазақстан облысында 24-30 наурыз аралығында температура күндіз +13…+22°C-қа дейін көтеріледі, түнгі температура нөлден жоғары болады және жаңбыр жаууы ықтимал. Орал қаласы мен Тасқала, Теректі, Бөрлі, Шыңғырлау, Бәйтерек аудандарында +13…+20°C, Жәнібек, Бөкей ордасы, Жаңақала, Казталов, Ақжайық, Сырым және Қаратөбе аудандарында +15…+22°C дейін температура көтеріледі деп күтілуде. Нәтижесінде қар қарқынды ериді, еріген су ағындары қалыптасады және өзен арналары толып, мұз құбылыстары әлсіреп, су деңгейі жоғарылауы мүмкін.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button