Әлеумет және қоғам
«Қазақтың ашкөздігі — ашаршылықтан»: Психолог ашаршылықтың қазақтарға қалай әсер еткенін айтты

1930 жылдары қазақ даласында аштықтың зардабын таппаған адам қалмады. Мыңдаған қазақтың сүйегі сайын далада шашулы, көмусіз қалды. Бір ұлтты жер бетінен жойып жібере жаздаған қырғынға әлі тарихи баға берілмеді, деп жазды qandastar.kz
Ресми деректер бойынша 2,4 миллион адам аштықтан көз жұмды, 40 миллион мал қырылды және 1 миллион 70 мың адам көшіп кетті. Сарапшылар Stan.kz тілшісіне елдегі жемқорлық пен суицид деңгейінің жоғары болуы, билікке деген сенімсіздікті де осы ашаршылықтан қалған жарақат деп түсіндірді.
Осы тұста Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері Айжамал Құдайбергенова біршама уақыттан бері елді-мекенді аралап ашарлылықтан зардап шеккен жандармен сұхбаттасқан. Соның бірі Шиелі ауданының маңында орналасқан мола туралы былай деген:
“Шиелі ауданы маңында Жақаев деген ауыл бар. Қазір дамып, әдемі үйлер тұрғызылған. Бірақ сол үйлердің ортасында үлкен мола тұр. Оның тарихы да ерекше. Ашаршылық кезінде осы ауылға бір отбасы көшіп келеді. Өздері мәдениетті. Бірақ ішерге тамақтары жоқ. Сөйтіп күнде ауыл тұрғындарынан нан сұрайды. Бір күні отбасымен үйінен шықпай қалған соң, ауыл азаматтары барып қараса, ерлі-зайыптылар балаларын құшақтап аштан өліп кеткен. Оларды көмуге ешкімнің шамасы болмай сол жерде қалып кетіпті. Қазір ол төмпешікті ауыл тұрғындары темірмен қоршап қойған”, – дейді тарихшы.
Тарихшы ашаршылық кезінде аман қалу үшін адам етін жегендер де болғанынайтады.
“Төрт баласы бар келіншектің үйіне туысқан әжей келіп, нан немесе дән бер сұрап келеді. Өздері ішерге тамақ таппай отырған отбасы әкімшілік дәм таратып жатқанын айтып, кемпірге сол жаққа бар дейді. Бірақ соңында өзі бармақ болып, кемпірге “балаларыма қарай тұр мен саған тамақ әкеліп беремін” деп кетіп қалады. Біраз уақыттан кейін үйіне келсе, балаларының сүйегі шашылып, киімі жыртылып әлгі туысқаны балаларын жеп кетіпті. Сол оқиғадан кейін әйел жынданып дала кезіп кеткен екен,” – дейді тарихшы.
Психоанализ қауымдастығының мүшесі Мейіргүл Бимағамбетова тарих пен ұлттың өткені халықтың мінез-құлқын қалыптастыратынын атап өтті. Әсіресе, қайғылы оқиғалар трансгенерациялық жан жарақаты ретінде беріліп отырады. Яғни ұлт немесе адам белгілі бір қайғының, жарақаттың бар екенін мойындап, сезімдерін сыртқа шығармаса, ол бейсанада қалып қояды.
“Біздің қоғамда адамдар бай болсам, ақша тапсам екен деп тыпыршып жүреді. Олардан ақшаны не істейсің деп сұрасаң, жауап бере алмайды. Себебі ол оның ішіндегі “дерт”. Демек байлыққа көп ақшаға итермелеп тұрған – жоқшылық. Ашаршылықты өзі көрмесе де, бейсанасы сақтап қалған. Яғни ата-бабасынан бұл беріледі”, — дейді психоаналитик.
Маманның айтуынша, 90 жыл бұрын аш қалған халықтың әлі күнге дейін “аш қаламын” деген қорқынышы бар.
“Іштей жасқаншақтық пен қорқақтық болды. Ал қорқақ адам қорқақты тәрбиелейді. Бауырмалдыққа емес, “ешкімге сенбе, алдап кетеді” деп өсірді. Ол айналасы мен ертеңіне сенімсіз болғасын, өзін материалдық жағынан қамтамасыз етсем деп тұрады. Рухани байлықтан гөрі бірінші мансап қууға, дүние жинауға көп көңіл бөледі. Кезінде аш қалған адамның ұрпағы қомағай келеді. Сол үшін де парақорлық, жемқорлық кеңінен етек жайған”, – деді Мейіргүл Бимағамбетова.