ЖаңалықтарШоу бизнес

«Қазақтың сахнасын аяймын»: Ақбота Керімбекова Роза Рымбаеваға ерекше өтінішпен жүгінді

Әнші Ақбота Керімбекова Роза Рымбаеваның сахнадан кетуі жайлы пікіріне қатысты өз ойын білдірді, деп жазады qandastar.kz порталы.

«Бүгін үйге келіп, желіні ашсам, Қазақстанның Еңбек Ері, ҚР Халық әртісі, Қазақстан эстрадасының Роза Бағлановадан кейінгі негізін қалаушысы, дәуіріміздің даңқты перзенті, өнерімен бәрімізге ұстаз бола білген аяулы апайымыз @rozarymbaeva «50 жыл үзіліссіз ән салдым. Енді сахнадан кетуім мүмкін…», — деп сұхбат беріпті. Жалпы, мен шын таланттардың сахнадан алыстағанына жаным шыдамайтын адаммын. Себебі, өнер адамының ғұмыры уақытпен өлшенбейді ғой. Мойындауымыз керек, Роза Қуанышқызы отандық эстрадаға  деңгей алып берді, классикалық өнер түрлерімен дәрежесін теңестірді. Әншейінде эстрадаға келгенде қалыптасып қалған жеңілтек көзқарас Рымбаева дегенде салмақтана түседі. Өйткені, ол — біздің сахнаға кәсібилікті алып келді. Өзінен кейінгі буынға үлкен талап қоя білді, өнерімен тәрбиелей алды. Кез-келген сынға төтеп бере алатын тұлға қалыптастыруға үндеді. Қашан да формада болуды, өмір бойы ізденуді міндеті санады. Қайда барса да өзін ғана емес, мемлекетімізді, ұлттық мәдениетімізді, әнімізді мойындатуды мұрат тұтты. Мойындатты да. Осындай адам «сахнадан кетемін», -десе, қалай емін-еркін қабылдаймыз?!» — дейді әнші.

Айтуынша, өзі де бір кездері өнерден алыстамақ болған.

«Кейде өзімде де болады, бәріне қол сілтегің келетін уақыттар… Шөп те өлең, шөңге де өлең, әншісі де, әнші емесі де жұлдыз боп жатқанын көргенде Қазақтың әнін, Қазақтың сахнасын аяймын. Еңбексіз ел алдына шығып, көкігендерді көрсем тіпті баз кешемін… Кейде, бір сәт бәрін доғаруға бітпейтін тұрмыс-тіршілік әсер етеді, рухани құлазулар ішіңді тырналайды. Апамыздың бұл сұхбатын осындай бір сәттердегі тебіреністен туған тұжырым деп қана қабылдайық!» — дейді әнші.

Ақбота Керімбекова халық әншісінен сахнадан кетпеуді сұрады.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button