Әлемнің шамамен 40 шақты елінде 6 миллионға жуық қазақ өмір сүріп жатыр. Бұл қазақ халқының үштен бірі әлі де шет мемлекеттерде тұрып жатқанын білдіреді. Белгілі ақын, танымал аудармашы, қытайтанушы-ғалым Дүкен Мәсімханұлы шетелдегі қазақтарды Отанына қайтару мүмкіндігі мен оның жолдары жөнінде өз пікірін білдірді, деп жазады qandastar.kz
Ғалымның айтуынша, шетелдегі қазақтардың басым бөлігі – Қытай, Ресей, Өзбекстан және Моңғолия аумағында тұратын ирредента, яғни тарихи атақонысында қалған қазақтар.
– Шетелдегі қандастарымыздың 90 пайызынан астамы осы төрт елде өмір сүріп отыр. Ал диаспора өкілдері – Түркия, Иран және Еуропада тұратын қазақтар. Бұрын Отанға оралуға ниеттілер негізінен ирреденталар еді, қазір де солай, – дейді ол.
Сонымен қатар ол шетелден келгісі келетіндердің әлі де көп екенін айтады.
– Ресми мәліметке қарағанда, 1,5 миллионға жуық қандас Қазақстанға көшіп келуге дайын. Бірақ біз оларды қабылдауға дайынбыз ба? Мәселе осында, – дейді Д.Мәсімханұлы.
Ғалым қандастарды Қазақстанға шақырудың бес негізгі тетігін атап өтті. Ол – құжаттандыруды жеңілдету, солтүстік өңірлерге қоныстанатын ауыл еңбеккерлеріне жерді тегін беру, зиялы қауым өкілдеріне жеңілдетілген ипотека немесе жалдамалы баспана беру, зейнет жасындағы қандастарға еңбек өтіліне сай зейнетақы тағайындау. Сондай-ақ қандас балаларға оқу жеңілдігін кеңейту, яғни квота бөлу, мектепке артық құжатсыз қабылдау.
Дүкен Мәсімханұлы бұл шаралар орындалса, қазақ көшінің қайта жанданатынына сенімді.
– Демографиялық әлеуетті көтеру – бүгінгі заман талабы. Президент Тоқаевтың «Қандастар көшін жандандыру керек» деген сөзінің астарында дәл осы мақсат жатыр, – дейді ол.
Ғалымның айтуынша, қазақ халқының біртұтас болашағы үшін сырттағы ағайынды жүйелі түрде елге тарту – стратегиялық міндет.



