Экономист Олжас Құдайбергенов Syucai Training Institute қызметіне қатысты бірқатар елдің құқық қорғау органдары тексеру жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы ол Facebook-тегі жеке парақшасында жазды, деп хабарлайды Qandastar.kz порталы.
Оның айтуынша, жақында Syucai Training Institute өкілдері Астанадағы Rixos қонақүйінде баспасөз конференциясын өткізген. Экономист қонақүйдің мұндай ұйымдарға алаң ұсынуын сынға алды.
Құдайбергеновтің сөзінше, аталған ұйым өздеріне қатысты жарияланған сын-пікірлерді «бәсекелестердің ақпараттық шабуылы» ретінде көрсетуге тырысқан. Алайда жағдай әлдеқайда күрделі.
«Инициативтік топ Біріккен Араб Әмірліктерінің түрлі құқық қорғау органдарына ресми арыздар жолдады. Себебі Syucai-дің негізгі тұлғаларының бірі Жанат қазіргі уақытта сол елде жүр. Қазір тиісті органдармен байланыстамыз, толыққанды тергеу жүргізіліп жатыр», – деп жазды ол.
Экономистің мәлімдеуінше, тергеу барысында Syucai Training Institute қызметі мынадай бағыттар бойынша тексерілуде:
- БАӘ, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Түркия аумағында алаяқтық сипаттағы тренингтер өткізумен айналысатын ұйымдасқан топқа қатысы бар-жоғы;
- келісімшартсыз, қолма-қол ақша алу фактілері (бір адамнан шамамен 2 500–10 000 АҚШ доллары көлемінде);
- нумерологияны психология және кәсіби бағдар беру тренингі ретінде тарату. Экономистің айтуынша, БАӘ-де нумерологияны тарату қылмыстық жауапкершілікке жатады.
Олжас Құдайбергенов баспасөз конференциясында ұсынылған деректердің де тергеу материалдарына қосылатынын атап өтті.
Сондай-ақ экономист Syucai Training Institute қызметінен зардап шеккен азаматтарға үндеу жасады.
«Егер сіз немесе жақындарыңыз осы тренингтерге ақша төлеген болса, Қазақстанда да, БАӘ-де де қаражатты қайтару мүмкіндігі бар. Ол үшін төлем жасалғанын растайтын кез келген дәлел жеткілікті», – деді ол.
Экономистің айтуынша, жәбірленушілерге қосымша ешқандай төлем талап етілмейді, заңгерлер мен адвокаттардың шығындарын өзі көтеруге дайын екенін жеткізді. Зардап шеккендерге Facebook арқылы жеке хабарласуға шақырды.



