
Қасым-Жомарт Тоқаев Сердар Бердімұхамедов және бауырлас түрікмен халқын айтулы дата –Түрікменстанның тұрақты бейтараптығына 30 жыл толуымен құттықтады, деп жазады qandastar.kz порталы.
Мемлекет басшысы мерейлі сәтке орай ұйымдастырылған халықаралық форумда көтерілетін мәселелердің маңызын атап өтті.
«Форум өзіне жүктелген міндетті толық атқарып шығатынына және халықаралық қатынастар тарихында айтулы уақиға болатынына сенімдімін. Өйткені бұл жиында бейбітшілік, бейтараптылық және сенім секілді ең өзекті тақырыптар қозғалады. Қазіргі әлемге жетпей тұрғаны да осы құндылықтар», — деді Тоқаев.
Түрікменстан президенті мемлекет басшысымен Ашхабад қаласында жүздескеніне қуанышты екенін жеткізді.
«Осы халықаралық деңгейдегі форумға қатысу арқылы Сіз бейбітшілікті, сенім мен өзара түсіністікті нығайтуға бейіл екеніңізді көрсетіп отырсыз. Халықаралық бейбітшілік және сенім форумына шақыруымды қабыл алғаныңыз үшін Сізге алғыс айтамын. Өзіңізбен түрікмен жерінде кездесу біз үшін зор мәртебе», — деді Бердімұхамедов.
Мемлекеттер басшылары өзара сауда көлемін арттыру, экономикалық байланыстарды күшейту, энергетика, көлік-логистика және ауыл шаруашылығы салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін қарастырды.



