Жаңалықтар

ҚазҰУ-да үлкен дау шықты. Басшылықтың еңбек демалысын сұраған оқытушыны жарақаттап, қысым көрсеткені айтылды

Фото: ашық дереккөз

Әлеуметтік желіде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде әйелге шабуыл жасалғанын көрсететін видео жарияланды. Бұл туралы qandastar.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеп хабарлайды.

Оқиға 2 тамыз күні болған. Видеодағы әйел өзінің сот шешімімен жұмысқа қайта алынғанын, жылдық демалысы туралы ақпарат алу үшін университетке келгенін айтады. Ол 16 маусымнан бері заңды еңбек демалысына шыға алмай жүргенін алға тартты. Оқытушы Гауһар Дүйсембиева кафедра меңгерушісіне хабарласқан. Артынан университет қызметкерлері әйелге шабуыл жасап, телефонын тартып алып, дене жарақатын салған көрінеді. Видеода әйел шабуылдың салдарынан зардап шеккенін айтып, көгерген жерлер мен жарақаттарын көрсетеді. Ол өзінің әр қадамын видеоға түсіруге мәжбүр болғанын айтты.

Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі қазір оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатқанын растады.

«Бостандық аудандық полиция бөлімі жарақаттың ауырлығын анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындады. Істің мән-жайы анықталуда», – деді полиция өкілдері.

Университет өкілдері де оқиғаға қатысты түсінік берді.

“Оқиға 2024 жылдың 2 тамызында Дүйсембиеваның және басқа да профессорлық-оқытушылар құрамының қатысуымен университетте орын алған. Аталған факті Дүйсембиеваның арызы бойынша Бостандық ауданының полиция бөлімінде тіркелгенін хабарлаймыз. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері тергеу амалдарын жүргізіп жатыр, соңғы процессуалдық шешім қабылданған жоқ», – деп хабарлады университеттің баспасөз қызметі.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша Гауһар Дүйсембиева 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап қазіргі уақытқа дейін оқытушы болып қызмет атқарған.

«2022-2023 оқу жылында орыс филологиясы кафедрасында 1,5 ставка бойынша мұғалімі болды. Ал 2023 жылдың қыркүйегінен бастап ҚазҰУ-дың мамандандырылған мектебінде оқытушы қызметін атқарды. Осылайша Дүйсембиева соңғы екі оқу жылында ҚазҰУ-да үздіксіз жұмыс істеп келген. Ал, 2024 жылдың шілдесінде, 10 айдан астам уақыт өткен соң, Дүйсембиева ҚазҰУ-дың қазіргі оқытушысы бола тұра, сол университеттің орыс филологиясы кафедрасының оқытушысы қызметіне қайта оралу туралы негізсіз азаматтық іс қозғады. Бостандық аудандық соты 2024 жылғы 15 шілдеде Дүйсембиеваның талап арызын қанағаттандырды», – делінген ақпаратта.

Сот шешімі қазір Алматы қаласының жоғары сотында апелляциялық тәртіпте қаралуда.

«Азаматтық іс жүргізу кодексінің жұмысқа қалпына келтіру туралы сот шешімін дереу орындау қажеттігі туралы талабына байланысты университет Дүйсембиеваны 2024 жылғы 15 шілдеде орыс филологиясы кафедрасына өтемақы төлей отырып, оқытушы қызметіне қалпына келтіруге мәжбүр етті. Дүйсембиеваның пайдасына 855 мың теңге жалақы өндірілді.

Дүйсембиеваның негізсіз сот актісі нәтижесінде Гауһар қазіргі уақытта Еңбек кодексінің нормаларын бұза отырып, ҚазҰУ-де екі лауазымда оқытушы болып жұмыс істеп, бір заңды тұлғада 2,68 лауазымды атқаруда. 2024 жылдың 5 шілдесі мен 31 тамызы аралығында мамандандырылған мектепте мұғалімнің негізгі қызметі бойынша жыл сайынғы еңбек демалысында және Еңбек кодексінің 92-бабын бұза отырып, екінші лауазымына демалыс беруді талап еткен», – деп қорытындылады университет өкілдері.

Гаухар Дүйсембиеваның айтуынша, ҚазҰУ еңбек шартын бұзу туралы бұйрық пен хабарламада оның қолымен екі рет жалған құжат жасаған. Оны алматылық сот пен қолжазба сараптамасы дәлелдеген. Жұмыста қалпына келтіру туралы сот шешіміне қарамастан, университет басшылығы ол шешімді орындамаған. Қазіргі уақытта, әйелдің айтуынша, сот орындаушысы Бостандық сотының 2024 жылғы 15 шілдедегі шешімін тиісінше орындамағаны үшін ректорға қарсы талап арыз берген.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close