Түркістан облысының Қазығұрт ауданында орналасқан «Жұлдыз» мейрамханасында той үстінде өрт тұтанып, төбенің бір бөлігі жанып кеткен, деп хабарлайды qandastar.kz.
Оқиға 30 қазан күні кешкі сағат 20:18 шамасында болған. Әкімдік мәліметінше, өрт туралы хабар жергілікті тұрғыннан түскен. Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер ғимараттың сол жақ бөлігі, шамамен 30 шаршы метр төбе жабыны өртенгенін анықтаған.
Тексеру барысында отшашу кезінде электр сымдарының ақауынан ұшқын шығып, өрт тұтанғаны белгілі болды. Жалпы өрттің таралған аумағы 150 шаршы метрді қамтыған.
Мейрамхана иесі зардап шеккендер жоқ екенін және шағымы жоқ екенін айтқан. Дегенмен өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін оған әкімшілік айыппұл салынды.
Әлеуметтік желіде тараған видеода төбеден шыққан қызыл жалынды көрген қонақтар мен қызметкерлердің абыр-сабыр болып, сыртқа қарай жүгіргені байқалады.



