Мәдениет
«Келінімізді күтіп жүрміз»: Димаш Құдайбергеннің ата-анасы болашақ келіндері туралы айтты
Сурет: Ашық дереккөздерден
ҚР халық әртісі, әнші Димаш Құдайбергеннің ата-анасы, Қанат пен Света Айтбаевтар келінді болуды күтіп жүргендерін айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы “1001 түн” бағдарламасында әңгіме қылды.
“Қазақ келінін “Адал сүт емген бала болса” деп бір-ақ ауыз сөзбен айтқан ғой. Сондай адам жолықса дейміз. Болған сәтте, қуанамыз. Келінімізді күтіп жүрміз. Өзінің бір сәті болар деп ойлаймыз. Димаш бізге шаңырақ көтеретін күнді айтса, міндетті түрде халыққа айтамыз. Жақсы жаңалық болса, бөлісеміз», – деді Света Айтбаева.
Димаштың әкесі Қанат Айтбаев Астанаға көшіп келсе де, әлі күнге дейін өздерінің салт-дәстүрін ұстанатынын айтып қалды. Сөзінше ұлы үйге келген қонақтардың қолына су құяды екен.
“Света – өмір бойы ата-енемен тұрған келін. Ата-анамның көңілінен шығып, үлгілі келін атанды. Анамның қаншама жақсы қасиеттерін бойына сіңірді. Әулетімізге сыйлы келін болды. Сондай адамның жаман ене болуы мүмкін емес. Өз басым, осы кісіге сенемін. Салт-дәстүрді де мықтап ұстанатын отбасылардың біріміз. Димаш үйде болса, әлі күнге дейін келген қонақтардың қолына су құяды. Ақтөбе өңірінде қолға су құю дәстүрі бар. Астанаға көшіп келгенде де сол салтты өзімізбен бірге ала келдік. Келіндеріміз сәлем салып, орамал тағады. Оның ар жағында жақсы тілек, ниет жатыр. Сондықтан салт-дәстүрден алыстамауымыз керек”, – деді Қанат Айтбаев.