Жаңалықтар

«Кеткісі келмегендей көрінді»: Асанәлі Әшімов соңғы кездесуінде қандай өсиет айтты?

Алматыда мыңдаған адам халық әртісі Асанәлі Әшімовті ақтық сапарға шығарып салды. Қаралы қауым арасында марқұмның туыстарымен қатар мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы қаласы әкімі Дархан Сатыбалды, жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, актер Болат Әбділманов, ақын Жүрсін Ерман, ақын Ұлықбек Есдәулет те бар, деп хабарлайды qandastar.kz сайты kznews.kz-ке сілтеме жасап.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жиналған қауымға президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту жеделхатын оқып берді.

Асанәлі Әшімов бүкіл саналы ғұмырын театр және кино саласына арнап, төл мәдениетіміздің көкжиегін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосты. Ол көптеген образды шебер сомдап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сахна саңлағы және кәсіби киногер ретінде соңына өшпес із қалдырды. Жас өнерпаздарға бағыт-бағдар беріп, рухани сабақтастықтың сақталуына зор еңбек сіңірді. Өрелі өнердің туын биік ұстап, өнегелі ғұмыр кешкен Асанәлі Әшімовтің жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде сақталады, – делінген президент жеделхатында.

Сондай-ақ, Ерлан Қарин бұған дейін Президенттің тапсырмасымен Асанәлі Әшімовпен арнайы кездескенін еске алды.

Президент: “Менің атымнан Асанәлі ағаңмен жолығып, сәлемімді жеткізесің” деген еді. Өткен аптада Алматыға келіп, Асанәлі ағамызбен кездестім. Қасында серік болсын деп Жүрсін Ерман ағаны, Қалқаман Саринді және өнер саласында жүрген бірқатар жасты шақырдым. Үш сағат бойы әңгімелестік. Асанәлі аға әдетінше естеліктерін айтып, сол күні ерекше ашылып сөйледі. Кеткісі келмегендей, асықпай отырды, – деді Ерлан Қарин.

Ол сол сәттегі диалогтың жүрекке ерекше әсер қалдырғанын да айтты.

Қоштасарда: “Аға, Алматыға енді жаңа жылдан кейін келермін, сонда тағы бір жолығармыз” дедім. Сонда ағамыз: “Ерлантай, бір кезде жыл санадық, кейін ай санадық, қазір күн санайтын жастамыз. Құдай қаласа дейік, – деді. Әттең, сол күннің соңғы кездесуіміз екенін білмедім. Бірақ Президентіміздің сәлемін жеткізіп үлгердім», – деп толқыды ол.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button