DAR Team командасының бас бапкері Эдуард Базров шәкірті Шавкат Рахмоновтың келесі жекпе-жегіне қатысты пікір білдірді, деп жазады qandastar.kz сайты Aikyn.kz-ке сілтеме жасап.
Маманның айтуынша, қазіргі уақытта қарсыластың кім болатынына қарамастан, Шавкат кез келген мықты спортшымен шығуға дайын.
77 келіде екінші орында тұрсаң, қарсылас маңызды емес. Ислам болсын, Камару Усман болсын – бәрі де мықты. Иэн Гэрри, Пратес, Маддалена – барлығы осал емес. Кімді берсе, соған қарсы шығамыз, соған сай дайындаламыз, – деді Базров Betonmobile.ru-ға берген сұхбатында.
Сонымен қатар бапкер шәкіртіне сапалы дайындық үшін қанша уақыт қажет екенін де нақтылап өтті:
Бізге кемінде екі жарым – үш ай толыққанды дайындық қажет. Шавкат жаттығуын жалғастырып жатыр, бабында. Бірақ оқу-жаттығу жиыны мен нақты қарсыласқа бағытталған дайындық – бұл мүлде басқа деңгей. Сондықтан бір жарым ай жеткіліксіз, – деп түсіндірді ол.
Айта кетсек, бұған дейін Шавкат Рахмоновқа UFC-дің бұрынғы чемпионы Джек Делла Маддалена мен Хоакин Бакли жекпе-жекке шығу туралы ұсыныс жасаған. Бірақ Шавкат 2024 жылдың желтоқсанында Иэн Гэрриді төрешілер шешімімен жеңгеннен кейін октагонға шыққан жоқ.



