
Үкімет басшысы Олжас Бектенов Төтенше жағдайларды жою жөніндегі республикалық жедел штабтың отырысын өткізді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Республикалық жедел штаб отырысында премьер-министр су тасқыны жағдайын қиындатып жіберуі мүмкін бірқатар факторға назар аударды.
Олар – қалың қар, күздегі жаңбырдан соң жер бетінің мұз болып қатып қалуы, топырақ қабатындағы терең тоң.
«Бұл ретте кейбір өңірлерде су тасқынына дайындық шаралары толық жүзеге асырылмаған. Оның ішінде өзендердің түбін тереңдету, жағалауды бекіту жұмыстары аяқсыз қалған, сондай-ақ елді мекендерден қарды шығару да тиісті деңгейде қамтамасыз етілмеген. Сондықтан кез келген сценарийге дайын болуымыз керек. Әкімдер жұмысты күшейтіп, әсіресе елді мекендердің маңында су тасқынына қарсы жоспарланған іс-шараларды сапалы жүзеге асыруы қажет. Бұл су басу қаупі бар барлық өңірге қатысты. Сол себепті бір апта ішінде әкімдіктер тәуекел деңгейі жоғары елді мекендерге барып, жағдайды зерделеп, қажетті шараларды қабылдауы керек», — деп атап өтті Бектенов.
Ақмола, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан өңірлерінде болжамдарға сәйкес су басу қаупі сақталып отыр.
Жоғарыда аталған үш өңірден басқа, Шығыс Қазақстан, Абай, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар, Түркістан, Алматы, Ұлытау мен Жетісу облыстарында да қауіптер бары атап өтілді.
Атырау, Маңғыстау, Қызылорда және Жамбыл облыстарында су тасқыны қаупі төмен.



