Жаңалықтар
КИІКТІ ҚОЛҒА ҮЙРЕТУ
Жылқы тұрмақ киік қолға қарады. Сайын даланың ақбөкенін көруге шетелден туристер келеді. Әрине, оларға лайықты қызмет көрсетіп, пайда табу қажет-ақ.
Кәсіпкер Айтуған Мұқашев сол үшін серіктерімен бірге бұрын-соңды қазақ даласында болмаған шаруаны қолға алды. Кәсіпкер Айтуған Мұқашев киікті қолда өсіріп, турист тартуды көздеп отыр.
Бұл кәсіпті екі жыл бұрын бастады. Мемлекеттен 400 гектар жер алып, 200 құралайды қолға алды. Қазір Бетпақдала популяциясын өсіріп отыр. Аталған түрдің дене тұрқы сәл ірілеу келеді дейді кәсіпкер.
Сондай-ақ шаруашылықта зерттеу жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр. Айтуған Мұқашев, кәсіпкер: – Ғылыми жұмыстар қатарынан жүргізіліп жатыр. Бұларда қандай аурулар болуы мүмкін. Ол үй жануарларына жұға ма, жұқпай ма деген сияқты немесе үй жануарларынан бұған аурулар жұға ма деген сияқты мәселелер қарастырылып жатыр. Бізге негізінен керек дүние де, Қазақстан халқы үшін, сол жерде отырған адамдар үшін.
Оның ондай зияны бір-біріне болмайтын болса, онда оны көптеп өсіріп жасауға болады. Себебі біздің Бетпақдалада бос жер өте көп. Ертең оған туристерді тартуға мүмкіндігіміз бар. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметіне сүйенсек, жер бетіндегі ақбөкеннің 98 проценті біздің елді мекен етеді. Былтыр саны 2 млн-ға жуықтады. Бұлардың ішінде ең көп тарағаны – Орал популяциясы. Олардың саны 1 млн-нан асады. Ал бетпақдалалық түрі 745 мың болса, Үстірттегі киік саны 40 мыңға жақын.
Министрлік тарапынан киікті қолға үйретуге назар аударылып отыр. Елдегі киік саны /2023 жыл: Барлығы – 1,9 млн Орал популяциясы – 1 130 мың Бетпақдала популяциясы – 745,3 мың Үстірт популяциясы – 39,7 мың Ерік Жұманов ҚР ЭТРМ орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті басқармасының бас сарапшысы: – Әрине, жабайы аңды қолға үйрету дегеніміз үлкен бір мәселе. Себебі оған қанша уақыт кететінін нақты ешкім білмейді.
Биыл тек Орталық Қазақстанда – екінші, ал Батыс Қазақстанда бірінші ұрпақ алу жоспарланып отыр. Қыс мезгілінде қар қалыңдап, тебіндей алмайтын кездерде азық-түлік қорымен қамтамасыз ету мәселесі бар. Ұсақ ауылшаруашылығы малдарымен салыстырғанда киіктер олардан 15-20 процентке артық жем-шөп шығындайды. Кәсіпкер Айтуған Мұқашевтің айтуынша, киікті қолда өсірудің қиындығы жоқ. Тек, мемлекет тарапынан жеткілікті түрде қолдау жасалуға тиіс. Жайылым бөліп, су көздерін көптеп салу қажет. Киік далада су болса, ауылдың маңына жуымайды. Ал туғаннан қолға үйренген жануар қоршауды өздігінен ешқашан тастап кетпейді.
Айтуған Мұқашев, кәсіпкер: – Қоршаудың ішінде болғаннан кейін, тағы да қоршаудың ішінен шыға алмайтынын кішкентай кезінен сезінгеннен кейін, ол тіпті қыстыкүні қар арқылы кетіп қалуына болады. бірақ ана қоршауға бала кезінен үйренгеннен кейін одан шығып кетем деген не жоқ. Енді ол да инстинкттің бір түрі да. Кішкентай кезінде екі метрлік қоршаудан шыға алмайды ғой. Оны түсінгеннен кейін ол үшін қоршау бір шекара, одан аттап кетпейді. Қашып кеткені, қар жауып, сеткамен бірдей болса да кетіп қалған деген нәрсе жоқ.
Қазір шаруашылықта жер аумағын кеңейту бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Сөйтіп, киік санын көбейту көзделіп отыр. Ал келесі жылдан бастап терісін, мүйізін экспортқа жөнелту жоспары бар. Себебі, үш жылға дейін киік толық жетілмейді. Тағы бір айтып өтерлігі, киік өнімін ішкі нарықтың кәдесіне жарату бойынша да жоспар бар.