Мәдениет

Дидара Алина: Кітап – елдің рухани тамыры

Фото: жеке қорынан

«ArmanPV» баспасының бас директоры Дидара Алинамен сұхбат

Журналист:

Биыл Қазақстанда алғаш рет Ұлттық кітап күні аталып өтті. Бұл бастаманың мәні неде деп ойлайсыз?

Дидара Алина:

Ұлттық кітап күнін белгілеу – жай ғана мәдени шара емес, бұл – тарихи шешім. Бұл күн – елдің рухани бетбұрысын көрсететін символ. Себебі кітап – ұлттың ойы мен болмысын, болашағын айқындайтын басты құрал. Мемлекет тарапынан осы күннің бекітілуі – қоғамға бағытталған терең ойлы қадам. Кітап арқылы тәрбиеленген ұрпақ – елге тірек болатын тұлғаға айналады. Біз, баспа саласында жүрген адамдар, бұл күнді болашаққа жасалған салмақты инвестиция деп қабылдаймыз.

Журналист:

Сіз басқарып отырған «Arman-PV» баспасы Ұлттық кітап күніне қандай үлес қосты?

Дидара Алина:

Біздің ұжым «Ұлттық кітап» атты республикалық байқауға қатысып, «Ең үздік аударма кітап» аталымында жеңімпаз атанды. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе. Байқауға біз ұсынған поп-ап форматындағы балаларға арналған кітаптар – ерекше мазмұн мен форманы ұштастырған жобалар. Жүлде ретінде 2 миллион теңге иелендік. Бірақ бұл жерде ақша емес, мемлекеттік деңгейдегі мойындау, кәсіби еңбектің бағалануы маңызды. Бұл бізге алдағы жұмыста жаңа серпін береді.

Журналист:

«Arman-PV» тек оқулықтар, балалар әдебиетімен шектелмейтінін білеміз. Соңғы ірі жобаларыңыздың бірі – «Қазақстан. Жеңіске қосқан үлесі» атты еңбек. Осы туралы кеңірек айтып өтсеңіз.

Дидара Алина:

Иә, бұл – біз үшін ерекше мәні бар жоба. Жеңістің 80 жылдығына арналған қос тілді фотоальбом – ұлттық тарихи жадты сақтау, ұрпақтар сабақтастығын жалғау жолындағы нақты қадам. Бұл кітап – жай естелік емес. Бұл – архивке, дерекке, бейне мен сөзге негізделген рухани ескерткіш. Жобаны белгілі тележурналист Майя Бекбаевамен бірлесе жасадық. Ол кісінің осы тақырыптағы деректі фильмдер циклінің жалғасы іспеттес. Кітап Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешенінің қолдауымен жарық көрді. Бұл – кездейсоқ бастама емес, «Жошы хан» туралы алғашқы тарихи еңбегіміздің заңды жалғасы.

Журналист:

Баспа миссиясы тек шығарылыммен шектелмейтіні белгілі. Сіздер үшін баспагерлік не?

Дидара Алина:

Біз үшін баспа – тек кәсіп емес. Бұл – қоғамдық, мәдени жауапкершілік. «Arman-PV» 23 жыл бойы Қазақстанда оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер шығарып келеді. Біздің міндет – балаға ұғынықты, мұғалімге пайдалы, жүйеге сенімді білім құралдарын әзірлеу. Соңғы жылдары біз Ekitap.kz цифрлық платформасын енгізіп, мыңдаған мектепке сапалы онлайн оқу мүмкіндігін ұсындық. Бұл тек технология емес – бұл оқу мәдениетін өзгерту жолындағы нақты шешім.

Журналист:

Тарихқа оралайық. Сіздердің «Жеңіске қосқан үлес» атты еңбектеріңіз Eurasian Book Fair көрмесінде таныстырылды. Қандай әсер алдыңыз?

Дидара Алина:

Бұл халықаралық деңгейдегі көрмеде кітапты таныстыру – біз үшін үлкен мүмкіндік болды. Оқырман тарапынан ерекше қызығушылық байқалды. Бұл кітап жай дерекке емес, тұлғалар тағдырына, елдік ерлікке құрылған. Ол – ұрпақ санасына сіңетін, шынайы құрметке лайық еңбек. Тек қазақстандық емес, әлемдік ауқымдағы оқырманға арнап жасалды. Сондықтан біз бұны тек баспа өнімі емес, тарихи жадының формасына айналған туынды деп есептейміз.

Журналист:

Сіздіңше, кітап арқылы қоғамға қалай ықпал етуге болады?

Дидара Алина:

Білім мен мәдениет тек ресми идеология арқылы емес, кітап арқылы беріледі. Егер қоғам кітап оқуды әдетке айналдырса – ойлау тереңдейді, пікір өрісі кеңейеді. Біз соған үлес қосуға тырысып келеміз. Бүгінгі таңда қазақ баласына сапалы білім беру – ұлттық қауіпсіздікпен тең. Ал ол білім, ең алдымен, сапалы кітаптан басталады.

 

 

 

Ілмектер

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close