Қаржылық мониторинг агенттігі заңсыз жұмыс істеген микроқаржы ұйымдарының қызметінен зардап шеккен азаматтар қарызды қайтаруға және заңсыз есептелген пайыздарды төлеуге міндетті емес екенін мәлімдеді, деп хабарлады qandastar.kz
Ведомство төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесовтің айтуынша, агенттік Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес халықты қарызға батырған жеке тұлғалар мен компанияларды тексеріп жатыр. Қазірдің өзінде 17 қылмыстық іс тіркеліп, келтірілген залал көлемі 400 миллиард теңгеден асқан. Бұл алаяқтықтан 400 мыңнан астам қазақстандық зардап шеккен.
Тексеру барысында «Актив Ломбард», «Актив Маркет» және Алматыдағы бірнеше микроқаржы ұйымдарының заңсыз әрекеттері анықталған.
Елемесовтің айтуынша, тергеліп жатқан істер аясында азаматтар келісімшарттардың заңсыз екенін дәлелдеп, өз құқықтарын қорғау үшін агенттікке немесе сотқа жүгінуі мүмкін.
Сонымен қатар, «Актив Маркет» қызметінен зардап шеккен кей азаматтар кепілге қойған мүлкін қайтарып алу мүмкіндігіне ие. Пайыздық қарызбен несие алғандар мүліктерін қайтара алады, себебі олар қылмыстық іс шеңберінде тәркіленбеген.
Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарға тек ресми тіркелген және лицензиясы бар қаржы ұйымдарымен ғана жұмыс істеуге кеңес береді.