Жаңалықтар
ҚМДБ қалыңмал мен мәһірге қатысты мәлімдеме жасады
Фото: ашық дереккөз
Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы қалыңмал мен мәһірге қатысты мәлімдеме жасады, – деп хабарлайды qandastar.kz
Мүфтияттың баспасөз қызметінің мәліметінше, «әке еңбегі», «ана сүті» сияқты қыздың әке-шешесіне, туыстарына берілетін мал-мүлік мәһірге саналмайды. Сондай-ақ, қыздың жасауын әкесі өз мүлкінен алып берсе, бұл мәһір болып есептелмейді.
– Қазақ дәстүрінде қалыңмал – қалыңдық үшін берілетін мал-дүние. Егер екі жас ажырасқан жағдайда қалыңдық малы қыздың иелігінде қалатын болған. Осы тұрғыдан қалыңмалды мәһір деп санауға болады, – делінген ресми ақпаратта.
Осы ретте ҚМДБ баспасөз қызметі мүфтияттың шешімін жария етті.
– Шешім: Күйеуі тарапынан берілетін қалыңмалды қыздың разылығымен мәһірге жатқызуға және артынан алып баратын жасауына пайдалануға болады. «Әке еңбегі», «ана сүті» секілді қыздың әке-шешесіне, туыстарына берілетін мал-мүлік (кәдесый, т.б.) мәһірге жатпайды, – делінген ақпаратта.
Қалыңмал берілмейтін өлкелерде неке қию барысында мәһірді белгілеуі тиіс. Мәһір белгіленбеген жағдайда некесі дұрыс болады. Бірақ күйеуі мәһір-мисл береді.