Солтүстікке қазақтарды қоныстандыру мәселесін көтеріп жүрген «Тәуекел» ұйымының жетекшісі Бурахан Дақанов тығырыққа тірелген қандастың мәселесін елге жария етті, деп жазды qandastar.kz
– Айдын есімді азаматтың жағдайы күрделі. Ол 2016 жылы Ауғанстаннан оқу визасы бойынша елге келген. Алматыдағы дайындық курстарында білім алып, кейін Қарағандыдағы политехникалық университетке IT мамандығы бойынша оқуға түскен. 2018 жылы ол қандас куәлігін, одан соң ықтиярхат алып, кейін Қазақстан азаматы ретінде ресми тіркелген. Қарағандыдағы «Нәтиже» атты сүт фабрикасында оператор, инженер-технолог болып жұмыс істеп жүрген, – дейді Дақанов.
Азаматтық алған соң Айдын Ауғанстандағы өзіне атастырулы болған қазақ қызына некеге тұрып, жұбайын Қазақстанға көшіріп әкелген. Өткен жылы олардың отбасында ұл дүниеге келіп, сәби автоматты түрде Қазақстан азаматы болып тіркелген.
– Алайда өткен жылдың соңында күтпеген жағдай орын алды. Айдынға мемлекеттік төлем тоқтап қалған. Кейін ол тексеріп, деректерінің мемлекеттік базадан жойылып кеткенін білген. Осыдан кейін сотқа жүгінген. Қарағандыдағы Қазыбек би аудандық соты Айдынның шағымын қанағаттандырып, оның құқығын қалпына келтіру туралы шешім шығарған. Бірақ миграциялық орган мен Қазақстанның Ауғанстандағы консулдығы бұл шешімге апелляция берген, ал облыстық сот аудандық соттың шешімін жоққа шығарған, – дейді белсенді.
Нәтижесінде Айдын қазақ мәртебесінен айырылған, ал Ауғанстан тарапы «ондай азамат біздің елде жоқ» деп тағы шеттеткен. Осылайша, бүгінде ол ешқандай елдің азаматы емес. Қазір оған заң бойынша әрекет етуге берілген алты ай мерзімнің жартысы ғана қалып отыр.
Дақанов Қазақстан билігіне, әсіресе Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановқа және депутаттарға үндеу жолдап, осы азаматтың мәселесін шұғыл түрде шешуге шақырды.
– Пәкістаннан 300 қазақты көшіру туралы бастамалар айтылып жүр. Ал ең алдымен осында келіп, жұмыс істеп, отбасын құрған Айдынның, осылай әуре-сарсаңда жүрген тағы 26 қандастың мәселесін шешіп алуымыз керек, – дейді «Тәуекел» ұйымының жетекшісі.



