
Фото: Нұрболат Нұржаубай
Мұнай-газ саласының сарапшысы және ҚР Энергетика министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің бұрынғы мүшесі Олжас Байділдинов Астана мен Алматы қалаларында қоғамдық көлік бағасы 500 теңге болуы керек деп санайды.
Петропавлда мемлекеттік субсидия мәселесі тағы да өзекті тақырыпқа айналды. ORDA порталы жазғандай, жергілікті тасымалдаушылар жолақының өзін-өзі ақтайтын құны кемінде 345 теңге болуы керек екенін айтады. Алайда оларға үш жылдан бері субсидия төленбей келеді, деп хабарлады Qandastar.kz.
Көлік саласындағы субсидиялау жүйесі ашық емес әрі коррупцияға бейім екені бұрыннан айтылып келеді. Ең бастысы — бұл жүйе жолаушыларға сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз етпейді.
– Мәселен, Астана мен Алматыда жолақының нақты нарықтық бағасы шамамен 500 теңге болуы тиіс. Бұған дейін қалалық мәслихаттарда 450 теңге көлеміндегі есептер де айтылған. Тек Алматының өзінде өткен жылы қоғамдық көлікті субсидиялауға шамамен 200 миллион доллар бөлінген, алайда бұл соманың сапаға әсері байқалмай отыр, – деп жазды ол.
Сарапшылардың пікірінше, нарықтық баға мен ашық бәсеке орнамайынша, жағдай түзелмейді. Жолаушылар жүріп өткен арақашықтыққа қарай ақы төлеуі керек. Қазіргі жүйеде үш аялдама жүретін адам мен жолдың соңына дейін баратын жолаушы бірдей төлейді — бұл экономикалық тұрғыдан да, логикалық тұрғыдан да негізсіз.
– Сондықтан автобус парктерін субсидиялауды тоқтатып, тарифті нарық заңдылығына сай қалыптастыру қажет. Бұл қадам бәрібір ерте ме, кеш пе жүзеге асатыны анық. Салыстыру үшін: Үндістанның Дели қаласында метро мен LRT желісінде жолақы 20-70 рупийдің аралығында (шамамен 140–470 теңге). Солай бола тұра, онда қоғамдық көлік жүйесі әлдеқайда дамыған, – деді Байділдинов.