ЖаңалықтарСаясат

Көлгінов Эстонияға «жер аударды» ма?

Алтай Көлгінов Эстонияға елші болып тағайындалуына қатысты тараған  әңгімені жоққа шығарды, деп жазады qandastar.kz

Үш жыл бұрын Астана әкімінің қызметінен кеткен Көлгінов өткен жылдың мамыр айында Қазақстанның Эстониядағы елшісі болып тағайындалған еді.

Orda таратқан ақпаратқа сәйкес, Ақорда дәлізінде журналистермен тілдескен дипломаттан оның жаңа қызметінде қандай да бір саяси астар бар-жоғы сұралған.

«Осындай сұрақпен сіздер барлық елшілерге әділетсіздік жасап тұрсыздар. Елшілік – мемлекеттер арасындағы маңызды әрі жауапты саяси лауазым. Маған осы міндетті сеніп тапсырғаны – үлкен құрмет», – деді Көлгінов журналистер сауалына қысқа жауап беріп.

Бұқаралық ақпарат өкілдері экс-әкімге елорда тұрғындарының әкімдік жұмысына жиі наразылық білдіріп жүретінін де еске салды. Бұған Көлгінов мұндай шағымдардың кез келген мегаполисте болатын қалыпты жағдай екенін айтты.

«Наразылық бұрын да болған, алда да болады. Елорданың дамуына Мемлекет басшысы ерекше көңіл бөліп отыр. Сын айтылса – даму бар. Бұл – жұмыс барысындағы табиғи үдеріс», – деді ол.

Айта кетейік, бүгін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға ресми сапармен келген Эстония президенті Алар Кариспен кездесіп, Балтық елдерімен ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Кездесу барысында Тоқаев Қазақстанның Эстония порттарына шығу мүмкіндігін қарастырып, екі ел арасындағы сауда көлемін ұлғайтуға ниетті екенін жеткізді.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button