Жаңалықтар

Көлік бағасы өссе де, алу жолы жеңілдейді: Автосалондар лизингтің шарттарын жариялайды

Қазақстанда жеке тұлғаларға автокөлік алу мүмкіндігі кеңейіп келеді. 2025 жылғы 1 желтоқсаннан бастап іске қосылатын жаңа автолизинг тетігіне қатысты алғашқы мәліметтерді ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков жариялады, деп хабарлайды qandastar.kz

Вице-министрдің айтуынша, ішкі сауда саласына түзетулер енгізіліп, енді автокөлікті жеке тұлғалардың пайдалануына беру үшін арнайы лизинг механизмі қарастырылған.

«Ішкі сауда бойынша тиісті түзетулер енгізілді. Жаңа көлікті жеке адамдардың пайдалануына беру үшін автолизинг тетігі қамтылған. Бұл тұрғыда автокөлікті кейіннен сатып алу немесе кері қайтару құқығы бар. Осы процедура азаматтық заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады. Жалпы, коммерциялық шартты, пайыздық мөлшерлемені жеке тәртіпте лизинг берушілер айқындайды. Әр автосалон лизинг бойынша өз талабын қояды. Атап айтқанда, автокөлікті жеңілдетілген несие шарттарымен беру құзыреті Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қатысты болғандықтан, ішкі регламентті осы ведомство пысықтайды», — деді Айдар Әбілдабеков Үкімет отырысынан кейін.

Айдар Әбілдабеков жаңа тетік халыққа автокөлікке қолжетімділікті арттыра түсетінін атап өтті:

«Сонымен қатар, Қазақстанда шығарылған көліктердің сатылымына жағдай жасалады», – деді вице-министр.

Қазіргі таңда лизинг мүмкіндігі негізінен автопаркі бар компанияларға ғана қолжетімді болса, енді жеке азаматтарға да жаңа көлікке ұзақ мерзімді жалдау арқылы қол жеткізу мүмкіндігі пайда болмақ.

Лизинг дегеніміз — автокөлікті немесе техниканы ұзақ мерзімге жалға беру түрі. Компания мүлікті сатып алып, азаматқа белгілі бір ақыға пайдалану құқығын береді. Төлемдер ай сайын немесе келісім бойынша жүзеге асырылады.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button