Көлік министрлігі жазғы кезеңде жолдардағы көлік қозғалысының артуына байланысты жүргізушілерді қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырды. Ведомство мәліметінше, жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі жүргізушілердің жол ережелерін бұзуынан болады. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат агенттігі хабарлады.
Министрлік жүргізген талдау нәтижесінде жол апаттарының 91 пайызы жол қозғалысы қағидаларын өрескел бұзудан болғаны анықталған.
Жол-көлік оқиғаларына жиі себеп болған факторлар:
- жылдамдық режимін асыру – 33%;
- көлікті басқару мүмкіндігін жоғалту – 14%;
- қауіпсіз арақашықтықты сақтамау – 13%;
- жол белгілері талаптарын орындамау – 10%.
Сонымен қатар 2026 жылдың алғашқы алты айында республикалық маңызы бар жолдардағы апат саны азайған. Жол-көлік оқиғалары 9 пайызға төмендеп, 1507 жағдайдан 1371 жағдайға дейін қысқарған. Бұл кезеңде көлік қозғалысының көлемі 37 пайызға өсіп, 22,3 миллион көлікке жеткен.
Көлік министрлігі жол қауіпсіздігін арттыру бағытында бірқатар шаралар қабылданғанын хабарлады. Атап айтқанда, 2,3 мың шақырымдық ақылы жол учаскелерінде орташа жылдамдықты бақылау жүйесі енгізілген. Соның нәтижесінде бұл аумақтардағы жол апаты 17 пайызға азайған.
Соңғы бес жыл ішінде республикалық маңызы бар 11 мың шақырым жолдың 45 пайызы жоғары техникалық санаттарға ауыстырылған. Сонымен бірге қарсы бағыттағы көлік ағындарын бөлу, жолдарды кеңейту, 65 айналма жол және 38 жаяу жүргіншілер өткелін салу жұмыстары жүргізілген.
Бұдан бөлек, жолдарда ақпараттық таблолар, жаңа белгілер, жылдамдықты бақылауға арналған лазерлік құрылғылар орнатылып, жол инфрақұрылымы жаңартылып келеді.
Ведомство жүргізушілерге жол ережелерін қатаң сақтап, жылдамдық режимін бұзбауға және жолдағы қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауға кеңес берді.



