Қыз-келіншектер жиі қолданатын коллаген өнімдерінің барлығы бірдей шариғат талаптарына сай келе бермейтіні анықталды. Осыған байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар кеңесі соңғы уақытта кең тараған бұл қоспаға қатысты арнайы пәтуа шығарған, деп жазады qandastar.kz 31-арнаның «Информбюро» ақпарат агенттігі жаңалықтарына сілтеме жасап.
Басқарма өкілдерінің айтуынша, қоспаның шариғатқа сай болуы тікелей оның қандай шикізаттан алынғанына байланысты. Егер коллаген шошқа өнімдерінен немесе шариғатқа сай сойылмаған жануарлардан дайындалған болса, ондай өнім харам саналады. Ал адал жолмен бауыздалған сиыр мен қойдан, сондай-ақ балықтан алынған коллагенді қолдануға рұқсат етіледі.
ҚМДБ-ның шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлының айтуынша, бүгінде коллаген косметикалық заттарда да, тағамдық қоспаларда да кеңінен қолданылады. Егер өнім шошқадан, еті желінбейтін жануардан немесе еті желінетін бірақ шариғат бойынша дұрыс сойылмаған малдан алынған болса, мұндай коллагенді пайдалану рұқсат етілмейді.
Ал балықтан алынған немесе еті желінетін жануарлар шариғат талаптарына сай сойылған жағдайда өндірілген коллаген шариғатқа қайшы келмейді және оны қолдануға болады.



