Адвокат Ләззат Ахатова әлеуметтік желіде журналист Қанат Тілеухан жүргізген подкаст төңірегіндегі дауға байланысты өз наразылығын білдірді. Оның айтуынша, подкастқа шақырылған ақынның әйелдерге қатысты айтқан сөздері қоғамды екіге жарып, қызу талқылауға себеп болған, деп жазады qandastar.kz
Ахатованың сөзінше, подкастта қонақ болған ақын әйелдерді қорлайтын, кемсітетін пікір айтып, «қоғамда тып-тыныш жүрген қыз-келіншектерді шулатқан». Адвокат мұндай көзқарастарды «халықтың жеке ар-намысына тиетін, сексистік пайымдар» деп атады.
Ол сондай-ақ Тілеуханның бұған дейін еркектік қуатты арттырады деген күмәнді өнімдерді жарнамалап жүрген блогер Нұрсейіт Жылқышыбайды «шәкіртім» деп атағанына назар аударып, қазіргі даулы сұхбат соның жалғасы сияқты екенін айтты.
Ахатова Батыс елдерінде әйелдерді кемсітетін мәлімдемелер үшін заң алдында жауапкершілік қарастырылғанын еске салып, журналистер мен қоғам белсенділерінің бұл жағдайға реакциясын орынды деп санады.
«Мен Тілеуханның парақшасынан да, каналынынан да жазылудан бас тарттым. Бұл үлкен қадам емес шығар, бірақ әр өзгеріс тамшыдан басталады», — деді ол.
Адвокаттың айтуынша, әйелді тұлға ретінде қабылдай алмау — «еркектік белгі емес, керісінше адамның өзі жеке тұлға болып қалыптаса алмағанының белгісі». Ол қоғамның дамуына үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегіне нұқсан келтіретін мұндай мазмұндағы сұхбаттар жауапкершілікпен таралуы қажет екенін жеткізді.