ЖаңалықтарТарих

Қонаев дәуірінің жабық әлемі: КГБ офицері алғаш рет құпияларды ашты

Мемлекет және қоғам қайраткері  Дінмұхамед  Қонаевтың жанында он төрт жыл бойы қызмет атқарған КГБ офицері Александр  Гойколов сол кезеңдегі биліктің жабық жүйесі туралы тың деректермен бөлісті. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы Айгүл Тоқсанбаеваның Youtube  арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Ол тек күзет қызметкері ғана емес, жоғары биліктің ішкі өмірін, тәртіп пен бақылауға құрылған жүйені соңғы сәтіне дейін ішінен көрген куәгер ретінде сөз қозғады.

«Қонаевтың айналасында «үнсіз құрам» деп аталатын жабық күзет жүйесі жұмыс істеді. Қызметкерлер Кремльде арнайы даярлықтан өтіп, күн тәртібі минутына дейін нақты белгіленді. Әрбір қозғалыс қатаң бақылауда болып, бұл ортада кездейсоқтыққа орын болған жоқ. Үй ішінде бейнекамераға түсіруге тыйым салынуы да қауіпсіздіктен бұрын сол дәуірдің психологиялық ахуалын айқындайды», — дейді Гойколов.

Үй ішіндегі тәртіп те жүйенің айнасы іспетті болған. Қонаевтың жары Зухра Шариповнаның жинақылығы мен қатаңдығы, асхананың өзінде сақталатын тәртіп, тамақтану режимінің нақты белгіленуі — сол заманның ішкі мәдениетін көрсететін ұсақ, бірақ маңызды детальдар ретінде сипатталды.

Сұхбаттың ең ауыр тұсы — 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы. Гойколовтың естелігінде сол күндері «жоғарыдан» келетін қоңыраулардың өзгергені, кеше ғана үлкен құрметке ие болған адамға деген қарым-қатынастың күрт суығаны айтылады. Бұл жағдай жүйенің жеке тұлғаны емес, тек атқаратын функцияны ғана мойындайтынын айқын көрсеткен.

Естеліктің соңғы бөлігі Қонаевтың Алакөлге жасаған соңғы сапарымен аяқталады. Сол күнгі оқиғалар Гойколовтың жадында ерекше сақталған. Оның сөзінше, дәл сол сәттен кейін «әлем бір фазадан екінші фазаға өткендей» әсер қалдырған. Бұл бір адамның ғана емес, тұтас бір дәуірдің аяқталғанын білдірген.

Аталған әңгіме өткенді аңсау емес, билік, адам және жүйе арасындағы нәзік, бірақ қатал байланысты еске салатын тарихи дерек ретінде бағаланып отыр.

Back to top button