Жаңалықтар
«Қонаевта жер қытайларға берілген»: әкімдік түсіндірді
Фото: Қонаев қаласы әкімінің баспасөз қызметі
Бұған дейін әлеуметтік желіде Қонаев қаласында жалпы аумағы 7.12 га болатын жер қытайлықтарға берілді деген ақпарат тарады.
Жергілікті әкімдік жағдайды түсіндірді. Тарқатып айтсақ, «Жібек жолы» ЖШС №8 жағажайды абаттандыру жобасын қолға алып, инвестиция құймақ ниетте. Бұл жердің көлемі 7.9 гектарды құрайды. Дәл сол жағажайдың қасындағы 7.12 аумақты алып жатқан жер, яғни, №7 жағажайдың бір бөлігі инвест жобаның құрамына кіріп отыр. Жалпы аумағы 15 га жағалау аттракциондар паркіне айналмақ,-деп хабарлайды Qandastar.kz Қонаев қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазіргі таңда №7 қалалық жағажайда 40-тан астам кәсіпкер қызмет етуде. Олар дәмхана, тапшан, шатырларды мемлекеттен жалға алып отыр. Мұндағы 2 бизнес орыны аталған инвестжобаның құрамына енді. Кәсіпкерлер биылғы шомылу маусымы біткенше жұмыс жасайды. Қазіргі таңда қос тарапқа оңтайлы шешім шығару бағытындағы жұмыс жүріп жатыр. Мысалы, бүгін Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов кәсіпкерлермен кездесіп, мән-жайды түсіндірді.
Қаланың бекітілген Бас жоспарына сәйкес, шаһардағы 9 жағажайды да абаттандыру көзделіп отыр. Биыл заманауи стильде жасалған №5 жағажай қолданысқа берілді.