Біріккен Ұлттар Ұйымы Конго Демократиялық Республикасында тараған Эбола індетін ел тарихындағы адам өлімі ең көп тіркелген эпидемиялардың бірі деп атады. Ұйым өкілдерінің мәліметінше, ауру өте жылдам таралып, індетпен күрес шараларынан озып бара жатыр. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат агенттігі хабарлады.
Мамыр айының ортасынан бері Конгода 5 290 адамнан Эбола вирусы анықталған. Оның 2 516-сы қайтыс болса, 1 152 адам аурудан айыққан. Қазіргі уақытта шамамен 840 адам оқшауланған немесе медициналық мекемелерде ем қабылдап жатыр. Індет бойынша өлім-жітім көрсеткіші 47,6 пайызды құрады.
БҰҰ-ның Эболаға қарсы іс-қимыл жөніндегі аға үйлестірушісі Жюльен Харнейстің айтуынша, барлық өлім жағдайы соңғы 20 күннің ішінде тіркелген. Ол індеттің таралу қарқыны өте жоғары екенін атап өтті.
“Індет Франция аумағынан да үлкен аймаққа таралып жатыр. Ауру ошағы біздің әрекет ету шараларымыздан озып, барған сайын жылдам өршіп, кең аумақты қамтуда”, – деді Харнейс.
Індетпен күреске жергілікті жерлердегі күрделі жағдай да кедергі келтіруде. Эбола тарала бастағалы бері 160 медицина қызметкері вирус жұқтырған, олардың 43-і қайтыс болған.
Осыған байланысты БҰҰ халықаралық қауымдастықты Конго Демократиялық Республикасына шұғыл көмек көрсетуге шақырды.
АҚШ Конго үкіметіне індетпен күресу үшін 80 миллион доллар, яғни шамамен 36,7 миллиард теңге бөлді. Қаражат ауруханалардағы төсек-орын санын арттыруға және қайтыс болғандарды қауіпсіз жерлеуді ұйымдастыруға бағытталады.
Алайда БҰҰ өкілінің айтуынша, бөлінген қаржы тек бірнеше аптаға жетеді. Сондықтан індетке қарсы шараларды жалғастыру үшін қосымша халықаралық қаржыландыру қажет.
“Қаржы тек алдағы бірнеше аптаға жетеді. Содан кейін қаражат таусылады. Қаржыландыру мен қажетті шараларды жүзеге асырудағы әрбір кідіріс індеттен қаза табатындар санын арттырып, онымен күресті қиындатады әрі шығынды көбейтеді. Сондықтан бізге халықаралық қолдау шұғыл түрде қажет”, – деді Жюльен Харнейс.

