ҚР Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев 2026 жылғы 4 наурызда Мәжіліс отырысында Конституция күнін мерекелеу тәртібіне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі. Мәліметті Zakon.kz сайтына сілтеме жасап Qandastar.kz жариялады.
Журналистер биыл 30 тамызда атап өтілетін Конституция күні сақтала ма деген сұрақ қойды. Әсіресе, егер референдум нәтижесінде Ата заңның жаңа редакциясы қабылданса, демалыс күні өзгеріссіз қала ма деген мәселе көтерілді.
Министрдің айтуынша, бұл жайт Конституция жобасының 94-бабында нақты көрсетілген. Онда республикалық референдумда Конституция қабылданған күн мемлекеттік мереке болып саналатыны жазылған.
Яғни, егер азаматтар жаңа редакцияны қолдаса, Конституция күні 15 наурызда аталып өтеді. Мұндай жағдайда 30 тамыздағы мереке өз күшін жояды. Министрдің сөзінше, соңғы шешім халықтың референдумдағы таңдауына байланысты болады.
Айта кетейік, Қазақстанда 2026 жылғы 15 наурызда референдум өткізу жоспарланған.



