2026 жылғы 18 наурызда Қазақстан Республикасының Конституциялық соты «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заңның бірқатар нормаларын Конституцияға сәйкес деп таныған нормативтік қаулы қабылдады. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Zakon.kz пориалына сілтеме жасап хабарлады.
Істің мәні:
Сот қазақстандық азаматшаның аталған заңның 50-бабы 4-тармағына қатысты өтінішін қарады. Бұл нормаға сәйкес, банк құпиясына жататын мәліметтер тек шот иесіне, оның жазбаша келісімі бар тұлғаларға немесе заңда көрсетілген өзге жағдайларда ғана беріледі.
Өтініш беруші ажырасқаннан кейін бұрынғы жұбайының банктік шоттары мен ондағы қаражат қозғалысы туралы ақпарат ала алмаған. Банктер заң талаптарына сүйеніп, мұндай мәліметтерді беруден бас тартқан. Бірінші сатыдағы сот та талапкердің талабын қанағаттандырмай, шот иесінің келісімі жоқ екенін негізге алған.
Азаматша бұл жағдай өзіне ортақ мүлікке қатысты құқықтарын толық жүзеге асыруға кедергі келтіретінін айтып, заңның Конституцияға қайшы екенін алға тартқан.
Соттың шешімі:
Конституциялық сот даулы норманы Конституцияға қайшы емес деп тапты. Сонымен қатар 2026 жылғы 19 наурыздан бастап күшіне енетін жаңа заңда да осыған ұқсас ережелер сақталғанын атап өтті.
Негіздеме:
Соттың түсіндіруінше, Қазақстан заңнамасы ерлі-зайыптылардың тең құқықтарын қамтамасыз етеді, алайда бұл олардың жеке өмірге қол сұғылмау және банк құпиясын сақтау құқықтарын жоймайды.
Банк салымдарының құпиясы – әрбір азаматқа тиесілі жеке конституциялық құқық. Ол адамның отбасылық жағдайына қарамастан қорғалады. Сондықтан ерлі-зайыптылардың мүліктік теңдігі жеке деректердің құпиялығын бұзуға негіз бола алмайды.
Сонымен бірге, заңнамада екі тараптың құқықтарын тең ұстауға мүмкіндік беретін механизмдер қарастырылған. Мысалы, соттар нақты іс қарау барысында банк құпиясына жататын мәліметтерді сұратуға құқылы.
Конституциялық сот бұл норманың Конституцияның меншік құқығы мен отбасыны қорғауға қатысты баптарына қайшы келмейтінін атап өтті. Қаулы 2026 жылғы 18 наурыздан бастап күшіне енді және бүкіл ел аумағында міндетті болып саналады.



