Конституциялық Сотқа «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңның 104-бабы 3-тармағы мен «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Заңның 44-1-бабының Конституцияға сәйкестігін тексеру жөнінде ұжымдық өтініш түсті. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Gov.kz порталына сілтеме жасап хабарлады.
Өтініш берушілер жеке сот орындаушысының қаулылары негізінде тұрғын және тұрғын емес үй-жайларға меншік құқығын тұрғын үй-құрылыс кооперативінің атына тіркеуге дау көтерген. Олар кооператив құрылыс салушымен жасалған келісімге сәйкес мүлікті беру туралы заңды күшіне енген сот шешімдеріне қарамастан объектілерді қабылдаудан бас тартқанын алға тартқан.
Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар тіркеуді заңсыз деп тануға негіз жоқ деген қорытындыға келген.
Өтініш берушілердің пайымынша, даулы нормалар кооператив пен оның пайшыларының келісімінсіз меншік құқығын тіркеуге мүмкіндік берген, бұл мүліктік құқықтарға араласуға, залал келтіруге және қосымша сот дауларының туындауына алып келген. Сондай-ақ объектілерге ауыртпалықтардың бар екені және олардың құқықтық мәртебесінің айқын еместігі көрсетілген.
Конституциялық Сот дауланып отырған нормалардың нақты конституциялық құқықтар мен бостандықтарды тікелей қозғамайтынын атап өтті. Өтініште келтірілген дәлелдер жалпы юрисдикциядағы соттардың жағдайларды бағалауының нәтижелеріне келіспеушілікке негізделген.
Осыған байланысты Сот құқық нормаларын қолданудың дұрыстығы мен нақты мән-жайларды анықтау оның құзыретіне жатпайтынын мәлімдеді.



