
Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің төрағалығымен Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің отырысы өтіп, онда жаңа Конституция аясындағы шетелдік серіктестік пен жасанды интеллект саласындағы мүмкіндіктер талқыланды, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты.
Жиында 1 шілдеден бастап күшіне енген Ата заңның инвесторлар үшін ашатын жаңа мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылып, Қазақстан Үкіметі мен халықаралық іскер топтар арасындағы өзара іс-қимылды нығайту тетіктері қаралды.
«Біздің бүгінгі кездесуіміз еліміз үшін тарихи кезеңде өтіп отыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен Қазақстан өзінің даму жолында мүлде жаңа дәуірге қадам басты. Жалпыұлттық референдумда қабылданған Конституция Әділетті және Озық Қазақстанды құруға бағытталған ауқымды реформаларды жүйелі түрде жалғастыруға жол ашатын нағыз ұлт Жарғысына айналды. Бүгінде бүкіл құқықтық жүйені қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Оның аясында экономиканың дәйекті әрі орнықты дамуын қамтамасыз ету көзделіп отыр», – деді Премьер-министр Олжас Бектенов.
Кеңес қатысушыларына жаңа заң шығарушы орган болып саналатын Құрылтай сайлауы тағайындалғаны және Қазақстан Халық Кеңесінің Хатшылығы құрылғаны туралы мәлімет беріліп, Конституциялық Соттың жоғары лауазымды тұлғалардың өкілеттік мерзіміне қатысты түсіндірмесі таныстырылды.
«Конституциялық Сот өз шешімімен нақты әрі дәл түсіндіріп берді. Атап айтқанда, бір реттік өкілеттік мерзімге қатысты норма жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін, яғни биылғы 1 шілдеден бастап тиісті лауазымдарға тағайындалған немесе сайланған тұлғаларға ғана қолданылады. Құқықтық айқындылықтың қамтамасыз етілуі ішкі және сыртқы аудиторияны толғандырған бірқатар мәселені күн тәртібінен алып тастайды. Менің ойымша, бұл саяси-құқықтық жүйенің тұрақтылығы мен болжамдылығына ерекше мән беретін инвесторлар үшін де игілікті қадам болып отыр», – деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы соңғы әлеуметтік сауалнама нәтижесіне сүйене отырып, ел азаматтарының 87%-дан астамы Қазақстанның дұрыс бағытта дамып келе жатқанына сенімді екенін және халық жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалардың нақты нәтижесін сезініп отырғанын жеткізді.
«Президенттің саяси бағытына деген қоғамдық қолдау – реформаларды алдағы уақытта да табысты жүзеге асырудың маңызды факторы. Осылайша, жаңа конституциялық модель мен орнықты реформалар бағыты экономикамызды одан әрі жаңғыртуға, халықаралық серіктестік аясын кеңейтуге және Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға берік негіз болып отыр. Құрметті әріптестер, жаңа Конституция аясында Сіздермен арадағы қарым-қатынасымыз да жаңа даму кезеңіне қадам басты. Елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси және экономикалық реформалар ұзақмерзімді әрі өзара тиімді серіктестікті дамытуға қуатты серпін беретініне сенімдімін», – деді Премьер-министр Олжас Бектенов жиынға қатысушыларға.
Отырыста инвестиция үшін күресте елдердің бәсекеге қабілеттілігін анықтайтын цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу мәселелері талқыланып, президент Жарлығымен 2026 жыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланғаны атап өтілді. Жаңа Конституцияға азаматтардың цифрлық құқықтары ресми түрде енгізіліп, 2029 жылға дейінгі Digital Qazaqstan стратегиясы бекітілді және Цифрлық кодекс пен жасанды интеллект және киберқауіпсіздік туралы заңдар қабылданып, трансшекаралық деректер алмасу үшін Cloud First Policy мен Data Embassy тетіктері іске қосылуда. Сонымен қатар ДӨО алқабы флагмандық жобасы аясында Қазақстан Firebird AI компаниясымен инфрақұрылымды дамыту бойынша $10 млрд көлемінде келісімге қол қойып, бизнес мәселелерін жедел шешу үшін Үкімет жанынан цифрлық штаб құрылды.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев толыққанды цифрлық ел құру міндетін қойып отыр. Цифрлық трансформация мен ЖИ-ді дамыту – біз үшін тұрақты экономикалық өсудің, мемлекеттік басқарудың тиімділігін және азаматтардың өмір сүру сапасын арттырудың маңызды элементі. Біз шетелдік әріптестердің еліміздің іскерлік ахуалын нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалаймыз. Үкімет өзара тиімді нәтижелерге қол жеткізу үшін барлық саладағы инвесторлармен сындарлы диалогке ашық», – деді Премьер-министр.
Жиын барысында Қазақстандағы Америка Сауда палатасының атқарушы директоры Джефф Эрлих пен АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джули Стаффт сөз сөйлеп, сауда-инвестициялық ынтымақтастықтың жоғары деңгейін және бұлтты технологиялар мен деректерді өңдеу мәселелеріндегі ашық диалогтың маңыздылығын атап өтті. Халықаралық бизнес қауымдастық атынан Baker McKenzie серіктесі Андрей Ёрш, Apple компаниясының Орталық Азиядағы мемлекеттік саясат бөлімінің басшысы Әділхан Қопабаев, Siemens Kazakhstan бас директоры Дияс Асанов және Honeywell компаниясының Орталық Азия елдері бойынша президенті Артур Нигматьянов Цифрлық кодексті жүзеге асыру, онлайн-платформаларды реттеу және киберқауіпсіздік жөнінде өз ұсыныстарын білдірді.
Аталған бағыттағы жұмыстар туралы жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсынов пен мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов пікір білдіріп, жиын қорытындысында Олжас Бектенов жауапты мемлекеттік органдарға инвесторлардың барлық ұсынымдарын зерделеп, жұмыс барысында ескеруді тапсырды.



