Жаңалықтар
Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы көбейді

Фото: ашық дереккөз
2025 жылғы қаңтар айында көпбалалы отбасыларға және наградталған аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақымен 846 мың отбасы жалпы сомасы 49,5 млрд теңге мөлшерінде қамтылған. Оның ішінде көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы 604,7 мың отбасыға 43 млрд теңге мөлшерінде, наградталған анаға берілетін жәрдемақы 241,8 мың адамға 6,5 млрд теңге мөлшерінде төленген, деп жазды qandastar.kz
Көпбалалы отбасына берілетін мемлекеттік жәрдемақыға 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады.
Төлем мөлшері бала санына қарай есептеліп, төленеді және 2025 жылы:
— 4 баласы бар отбасыларға – 16,03 АЕК немесе 63 030 теңге;
— 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 78 798 теңге;
— 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 94 565 теңге;
— 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 110 332 теңге;
— 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 4 АЕК немесе 15 728 теңге мөлшерінде төленді.
Наградталған анаға берілетін жәрдемақы «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған аналарға тағайындалады.
Наградталған анаға берілетін жәрдемақы ай сайын келесі мөлшерде төленеді:
- «Күміс алқа» алқасымен наградталған аналарға – 6,40 АЕК немесе 25 165 теңге;
- «Алтын алқа» алқасымен наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған аналарға – 7,40 АЕК немесе 29 097 теңге.
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап көпбалалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 6,5%-ға артқан.