Жаңалықтар

«Көпірден секіремін деп қорқытты»: Ұландықтар қыз баланы құтқарып қалды

Ұландықтар көпірден секірмекші болған қызды аман алып қалды, деп хабарлайды qandastar.kz.

Шымкент қаласының Еңбекші ауданында қоғамдық тәртіпті қадағалау кезінде Ұлттық ұланның 6506 әскери бөлімінің жауынгерлері көпір қоршауының сыртында жас қыздың тұрғанын көреді.

Қауіпті түсінген әскери жасақ рация арқылы көпірге жақын жерде қызмет атқарып жүрген патрульдік топ бастығы қатардағы жауынгер Раулан Өтебаевқа шұғыл ақпарат береді. Ол дереу патрульші жауынгерлер Арыстанбек Анарбай мен Дулат Ауғанбаевты ертіп, аталған орынға жедел барды.

– Көпірден секіруге тырысқан қызды көргенде, бірден оған бет алдық. Осы уақытта ол көпір қоршауының сырт жағында тұрды. Жақындай бергенімізді көріп, көпірден секіремін деп қорқытты, – дейді Раулан.

Ұландықтар қызбен ақырын сөйлесіп, әңгімеге тарта отырып, қыздың райынан қайтаруға тырысқан. Алайда ол қарсылық білдірген. Оңтайлы сәт туғанда Раулан Өтебаев қызды ұстап алып, қоршаудан тартып шығарған. Қауіпсіз жерге апарып, оны барынша тыныштандырған. Бойжеткенді полиция қызметкерлеріне тапсырды.

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close