Шоу бизнес

«Көре алмағандар бар» — Әлішер Кәрімов халық әртісі атағын қалай алғанын айтты (ВИДЕО)

Танымал әнші Әлішер Кәрімов «Kezdesu» YouTube арнасына берген сұхбатында «Халық әртісі» атағын алу сәті жайлы әңгімелеп берді, деп жазады qandastar.kz. 

Өнер иесінің айтуынша, аталмыш марапатты алатынын ол алдын ала мүлде білмеген. Оның сөзінше, Мәдениет министрлігінен хабарласып, Ақордада өтетін марапаттау рәсіміне келуін өтінгенімен, қандай атақ немесе марапат берілетіні нақты айтылмаған.

«Ақордаға келгенде байқадым: кейбір адамдардың төсіне марапат сол жағына, ал енді біреулеріне оң жағына тағылып жатыр. Түсінбей, қызметкерден «мұның айырмашылығы бар ма?» деп сұрадым. Ол «иә, бар. Сол жаққа — орден, ал оң жаққа атақ беріледі» деп жауап берді. Сол сәтте ғана ойлана бастадым. Қазақстанда екі ғана атақ бар: «ҚР еңбек сіңірген қайраткері» және «Халық әртісі». Біріншісі менде бар болған соң, сол жерде Халық әртісі атанғанымды түсіндім», — дейді әнші.

Әлішер Кәрімов мұндай марапаттар туралы алдын ала хабарланбайтынын атап өтті. Себебі түрлі жағдайлар орын алуы мүмкін. Оның айтуынша, бұл тәжірибе бұрыннан қалыптасқан.

«Бұған дейін «Еңбек сіңірген қайраткер» атағын алған кезде де ештеңе айтылмаған. Себебі жағдай әртүрлі болуы мүмкін. Әрине, қатты қуандым. Ең алдымен ата-анама хабарластым. Атақты алғаннан кейін біраз уақыт ешкімге сұхбат берген жоқпын, бергім де келмеді», — дейді ол.

Сонымен қатар әнші «Халық әртісі» атағынан кейін өзіне бағытталған сын мен хейтке де тоқталды.

«Әріптестерім менің өнеріме қандай баға береді деген ой мені ешқашан мазалаған емес. Мен шығармашылығымды әріптестер үшін емес, тыңдарманым үшін жасаймын. Барлығына бірдей ұнау мүмкін еместігін де, хейт болатынын да алдын ала білдім. Бірақ оған мән берген жоқпын. Ең бастысы — мені тыңдайтын өз көрерменім бар. «Супер стар» жобасында да мені таңдаған қазылар емес, Қазақстан халқы», — деп түйіндеді Әлішер Кәрімов.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button