Жаңалықтар
Қорға сеніп қор болғандар: Ілияс Сариев кімді алдап жүр?

Фото: бейнеден кадр
Уақыт өткен сайын қайырымдылық қорларынан пайда емес, жапа шеккендер көбейіп барады. Елдің «еміне береміз, үй аламыз» деп мәре-сәре болған көңілін қоғамдық қор жетекшілері су сепкендей басып жатыр, деді qandastar.kz
Мысалы, жуырда ғана алаяқтығы үшін қамалған «Елге көмек бер» қайырымдылық қорының жетекшісі Ілияс Сариевке алданғандардың көп екені белгілі болды. Осы жайлы толығырақ Orda.kz тілшісі тарқатып айтады.
«Елге көмек бер» қайырымдылық қорының халық алдына шығып, әлеуметтік желі арқылы емге немесе үйге деп қаражат жинап келе жатқанына 4-5 жыл болып қалды. Әу баста тірліктері мығым ұжымның соңғы жылдардағы істеріне қарасақ, «қайырымсыз» қорға айналып кеткендей. Жылағанның жасын сүрткен, жетімнің жыртығын жамаған қайырымдылық қоры уақыт өте келе тәспісінен жаңылды. Әлеуметтік желіде қор жетекшісі Ілияс Сәриевке алданғандардың уәжі күн санап артып келеді
Қорға сеніп қор болғандар
Айнұр Жанәділова — қазақтың «Робин Гудына» алданғандардың бірі. Үш баланың анасы емге жиналған қаражатты сол күйі ала алмапты. Orda.kz тілшісі Айнұр Жанәділовадан мән-жайды сұрады.
Екі ұлдан кейін туылған Мерейлім Бауыржанқызы тағдырдың сынағына ұшырады. Анасы жүкті кезінде бәрі жақсы болған. УЗИ тексеруінде іштегі баланың дақтары байқалмаған. Мерейлім денесіне 80% үлкен қара дақ түскен күйі дүниеге келді. Басында нәрестенің арқасындағы дақ тегіс болыпты. Алайда 7 айдан кейін Мерейлімнің артындағы қара дақ ісіп кетеді. Баласының денсаулығына алаңдаған ата-ана ем алу жолдарын қарастырады. Ілияс бүлдіршіннің ата-анасына өзі бірінші болып хабарласыпты.


«Бізді қайдан тапқанын білмеймін. Бірінші болып өзі хабарласты. Біз ол күні Астанада «Ана мен бала» орталығында жатқан едік. Қызымды бейнежазбаға түсіріп жіберуімді сұрады. Мен түсіріп жібердім. Ертесі күні ол инстаграмына салды. Былтыр қарашаның 14-і болатын. Солай халықтан ақша жинай бастады», — дейді Мерейлімнің анасы.
Айнұр бір аптадан соң, Ілиясқа хабарласып, жиналған қаражатты өзіне салуын өтініпті. Себебі Мерейлімнің ем алатын уақыты таяп қалған еді. Бірақ Ілияс қаражатты салуға уәде бергенімен, бір тиын да жібермепті.
«Нақты қанша қаражат жиналғанын айтпады. Бірақ инстаграмға бейнежазбаны салғанына екі күн өткеннен кейін, сұрағанымда 1 млн 700 мың жиналғанын айтты. Мен емге баруым керек еді. 700 мың жетпей тұрған. Әне салам, міне саламын деді. Сол күйі үмітімді үздім. Бізге 40-50 млн теңге керек. Қайырымдылық қор ғой деп қатты қуанып едік», — деді анасы.
Қызының еміне жиналған қаражатты ала алмаған ана арыз жазуға бекінген. Заңгер Нұрсұлтан Орынбековтің көмегімен 5 адам арыз жазады. Алайда Айнұр Жанәділова іс қаралмағанын айтты.
«ІІМ-не 5 адам болып арыз жазды. Аса маңызды істер жөніндегі тергеушіге өтті. Арызды аудандарға жолдады. Астана қаласы Нұра ауданы полиция бөлімінде іс қаралғанымен ешқандай әрекеттер жасалмады. Ал оның себебін бізге түсіндірмеді. Қазір Ілияс ұсталды. Енді маған жүгінген адамдар Алмалы ауданы полиция бөлімшесіне арызды қайта жолдайтын болды», — деп түсіндірді Нұрсұлтан Орынбеков.
Ілияс Сариев әлеуметтік желіде Айнұрға жазған хатының бәрін өшіріп тастаған. Тіпті баласының денсаулығын уайымдап шырылдаған ананы қара тізімге енгізіп тастапты. Бір қызығы былтыр қарашада басталған жылу жинау elge_komek_ber инстаграм парақшасында әлі тұр.

Қайырымсыз қордан күдер үзген Айнұр Жанәділова қызына бірінші отаны жасатқанын айтты. Мерейлімді алда 14 ота күтіп тұр екен. Дәрігер 4-5 жыл уақыт кететінін айтқан. Дүниеге келгеніне 1 жас 5 ай толған қызға әр 6 ай сайын ота жасалуы керек. Мерейлім әлемде сирек кездесетін аурумен ауырады. Мелано пішінді гигант невус — клиникалық қоңыр, қызғылт немесе көк симметриялы үлкен дақ. Оның кейбірі қауіпсіз болса, ал кейбірінде клиникалық немесе анамнестикалық қауіп факторлары болады екен.
Робин Гудтың алғашқы былығы
Ілияс Сариевтен алғашқы боп күдіктенгендердің бірі — біз жоғарыда атап өткен заңгер, Қаржылық мониторинг агенттігінің қоғамдық кеңес мүшесі Нұрсұлтан Орынбеков. Ол әлеуметтік желі арқылы Ілияс Сариевтың кесірінен 3 адамның ажал құшқанын айтты. Тіпті зардап шеккен отбасылармен тілдесіп, тікелей эфир жүргізді.
Мысалы, Ілияс Айнұр есімді келіншектің қолына 3 млн теңге ұстатып, емге бара бер деп жіберген. 17 млн қаражат жиналғанын, қалғанын ем басталғанда салып жіберетініне уәде берген. Алайда науқас әйел Үндістанға кеткеннен кейін, Сариев те хабар-ошарсыз кетеді.
«Мен алғаш рет Үндістанға ем алуға кетіп, емге қаражат салынбағаннан кейін қайтыс болған келіншектің оқиғасын желіге салдым. Тікелей эфир түсірдім. Осы жағдайдан кейін маған 15 шақты адам алданғандарын жазды. Бүкіл сценарийі бірдей. Олардың айтуынша, Ілияс емі жоқ ауру адамдардың диагнозын біліп, аянышты бейнежазба түсіреді. Кейін ол өмірден өтіп кеткеннен кейін, ақшасы өздерінде қалады екен. Мысалы, Қарлығаш есімді келіншек бар. Әкесі жаман аурумен ауырып өмірден өтті. Алайда бейнежазбасы әлі күнге дейін әлеуметтік желіде тұр. Науқас кісі өмірден өткен соң, қызы «әкемнің аруағы қорланбасын» деп бейнежазбаны өшіруді өтінеді. Алайда қоғамдық қор ақша да бермеген, бейнежазбаны да өшірмеген», — дейді заңгер.

Алайда осы уақытқа дейін Ілияс Сариев жағдайды шешетінін, қаражаттарды қайтарып беретінін айтып келді. Сол себепті болар, әлі күнге дейін қайырымдылық қор жетекшісін ақтап алатындар көп.
«Мен сол қаза болған адамның туыстарымен сөйлескенімді инстаграмға салғанда Ілияс «Астанадамын, әуежайға келемін» деді. Бірақ келмеді. Кейін «жаназасына барамын» деді. Оған да келмеді. Алайда әлеуметтік желіде маған қарсы шабуыл жасады. Жала жапты. Ешқандай негізсіз мені де «алаяқ» деп көрсетті. Бірақ онысынан ештеңе шықпады, оған жала жапқаны үшін де арыз түсірдім. Біздің халықтың сеніміне кіру өте оңай. Дәлел келтіріп, 3 адамның өліміне себепкер болды деп тікелей эфир арнасақ та, оны жақтайтындар табылды. Полиция ұстағаннан кейін көздері жетті деп ойлаймын. Бірақ әлі күнге Ілиясты қорғап жатқандар бар. Біз «қазағым, қазағым» деп көз жасын төксе сеніп қаламыз», — деді заңгер.
Сенген серкем сен болсаң…
Қоғамның көңіліне кірбің ұялатқан тағы бір жағдайды баяндайық. Жуырда ғана журналист Руслан Өтепбай қайырымдылық қордың Бекзат есімді екінші топтағы мүгедек баланың баспанасын табыстамағанын айтты. Бұл жағдай да 2024 жылы болған. Ілияс Бекзатты бейнежазбаға түсіріп, халықтан қаражат жинайды. Көп өтпей баланың үйлі болғанын айтып жарияға жар салады. Алайда «үйлі болған» Бекзат баспанасының табалдырығын да аттамаған. Бірақ Ілияс Сариев үйді беретініне уәде беріп, Бекзаттың әжесіне «үйді алдық» деп өтірік айтып, бейнежазбаға түсуін сұрайды. «Менің Бекзатыма үй берді. Ризамын. Алға қазақтың Робин Гуды. Ілиясым» деген кейуана айтқан енді сөздеріне өкініп отыр. Оның айтуынша, Ілияс Бекзатқа 20 млн теңгеге алынған үйдің бетін де көрсетпеген.

Ілияс Сариевтың тағы бір былығын журналист Гүлмира Әбіқай осыдан 4 ай бұрын әшкереледі. Ол туралы Orda.kz сайты да ақпарат таратты. Журналистке Ұлжан есімді алматылық келіншек хабарласып, қайырымдылық қордың ақша жинап, ол ақшаны өз мүдделеріне жұмсап жібергенін айтқан.
«Елге көмек» қайырымдылық қоры «осы апаға үй алып берейік, бір қазақ үйлі болсын» деп бейнежазба түсірді. Бәріміз сендік. Кейін «апаға үй алдық, осынша ақша жиналды» деп есеп берді. Апаны 3-4 ай көрмедік. Бірақ бір күні тағы қайыр сұрап отырғанын көрдім. Жанына барып «апа үйіңіз бар, неге тағы шықтыңыз?» деп сұрадым. Ол кісі бәрінің өтірік екенін айтты», — дейді келіншек.
Келіншектің айтуынша, қайырымдылық қоры қарияны жалдамалы пәтерге орналастырып, 3-4 айлық пәтерақысын төлеген. Кейін мерзімі біткесін, қарияны пәтерден шығарып жіберген. Осы жағдайдан кейін Ілияс Сариев Гүлмира Әбіқаймен кездеседі. Бағдарламада журналистің сұрақтарынан жалтарған жігіт мардымды жауап қайырмайды. Гүлмира Әбіқайдың айтуынша, Ілияс 200-ден аса адамға уәде беріп, ақшасын қайтармаған көрінеді. Бұл туралы Гүлмира Әбіқай Руслан Өтепбайдың Бекзат туралы салған reels-ының пікір бөліміне жазды.

Ілияс Сариев нақты қай арыздың арқасында ұсталды?
«Елге көмек бер» қайырымдылық қорының жетекшісі Ілияс Сариев жуырда ғана ұсталды. Полиция Orda.kz сайтына ақпаратты растады.
«Алмалы аудандық полиция басқармасына қарасты бөлімде алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жан-жақты әрі объективті тергеуге бағытталған бірқатар тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде процессуалдық шешім қабылданады», деп мәлімдеді полиция.
Бұған дейін заңгер мен журналистер көтерген мәселеге міз бақпаған полиция, Ілиясты бір топ адамды қажылыққа жібермеген компанияны жарнамалағаны үшін ұстаған болуы мүмкін.
Бүгінде қажылығын өтеп, қасиетті мекенде жүруі керек болған Зарина Нұрғазиевамен сұхбаттастық. Ол жолдасына сыйлық ретінде Makkah&Medina travel компаниясы арқылы қажылыққа билет алады. Кейін ерлі-зайыпты қасиетті мекенге бірге бармақшы болады. Нәтижесінде бұл отбасы қасиетті сапар үшін 1 млн 200 мың теңге жұмсайды. Сорақысы 6 сәуір күні жолға шығу керек болған бір топ адам сапардан қағылды. Бұл компанияны Ілияс Сариев жарнамалаған. Ал компания басшысы — Ақтоты Дүйсеева.
«Басында Ілияс «бұл компанияның абыройы үшін мен жауап беремін» деп алдымызға келді. 2 күн уақыт беруімізді, ақшамызды қайтаратынын айтты. Ал 9 күні «ақшаларыңды компания басшысы қайтарады» деді. Сол күні ешқандай уәде орындалмағандықтан аудандық ішкі істер бөліміне бардық. Ілияс қайта уәде берe бастады. Біз ақшаны қазір қайтаруын талап еттік. Ақтотының (компания басшысы) қайда екенін сұрадық. Ілияс оның Астанада екенін айтты. Кейін тергеуші Ілиястың телефонымен хабарласып, «тез жетіңіз» деп еді, Астанадағы Ақтоты 20 минутта кіріп келді. Ақшаның бәрі Ақтотыға түскен. Олар «менеджерлер кінәлі» деп шықты. Болмағасын «ақша айналымда» деді. Не деп ақталарын білмей, «Ілияспен жеке сөйлесуім керек» деп шықты», — дейді Зарина Нұрғазиева.

Кейін Ақтоты бір топ адамға ақшаны қайтаратынын айтып, «ақша іздеп келейін» деп кетіп қалады да, сол күйі хабар үзіледі. Ақша да, Ақтоты да жоқ. Кейін қажылыққа барам деп қапы қалғандар тергеушілердің ісіне көңілдері толмай, прокуратураға кіреді. Прокуратура істі дереу қолға алуды тапсырады. Ілияс сол күні ұсталады. Енді бір топ адам компания басшысының әлі күнге ұсталмағанына наразылық танытып отыр.
Кейіпкеріміз Makkah & Medina travel компаниясының бұған дейін де олқылықтары болғанын айтты.
«Біздің алдымызда барып келген адамдарды екі күннен кейін қонақ үйден шығарып жіберген. Олар далада қалған. Далада, мешітте қоныпты. Бұған дейін де әр сапар кезінде 2-3 адам белгісіз себептермен қалып кетіп отырған. Бірақ ешкім ештеңе демеген. Мен әлеуметтік желіге шығып, болған жағдайды айтқаннан кейін, «біз ғана емес екенбіз» деп шыққандар көп болды. Бұл компания билеттерді де әркімге әртүрлі бағада сатқан. Менеджерлер ақшаны өздеріне салдыртып алған. Себебі басшылары қызметкерлеріне айлық та бермеген», — дейді Зарина Нұрғазиева.
Заңгер Нұрсұлтан Орынбеков Ілияс Сариевтің қылмысы 190 баптың 4-тармағымен қаралады деп есептейді. Ол бойынша қоғамдық қор жетекшісі 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
«Іс қылмыстық топ болып қарастырылуы мүмкін. Себебі ақша аударылған Ақтоты деген қыздың да есімі жиі аталады. Оның қорын жарнамалағандар бар, онымен бірге жүргендер бар, тіпті қылмысын біле тұра тіс жармаған мобилографтар да жауапқа тартылуы мүмкін», — деді ол.
Елімізде қайырымдылық атын жамылған «қайырымсыз» қорлар көп. Бір ғана Алматы қаласының өзінде 300-ге тарта қор бар екен. Алайда ресми тіркелгендер саны — 100-ге жуық. Оның ішінде әлеуметтік бағытта жұмыс істейтіндері — 35 қор. Еске салайық, «Біз біргеміз» қайырымдылық қорының жетекшісі Перизат Қайрат та жиналған қаражатты жеке басына жұмсап жібергені үшін қамалды. Оның анасы да сыбайласы ретінде ұсталды. Қоғамдық қорлардан бөлек жеке дара блогерлер де үй алып беру, емге жіберу желеуімен халықтан жылу жиюын тоқтатпай тұр. Түскен қаражат бойынша есеп беретіндері аз. Қай ақша қалтаға, қай ақша қайырымдылыққа кетіп жатқаны беймәлім. Садақа бердік деп көңілі жай тапқан халықтың қыруар қаражаты тиісті орынға жетсе игі болар еді.