Әлеумет және қоғам
Қорғаныс министрлігі әскерге шақыру жасындағы азаматтарға қатысты мәлімдеме жасады

Фото: Zakon.kz,
Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі 2025 жылы 7 маусымда әскерге шақыру жасындағы азаматтарға қатысты рейдтер бойынша мәлімдеме жасады, деп хабарлайды qandastar.kz Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
БАҚ пен әлеуметтік желілерде әскерге шақыру жасындағы азаматтарды мәжбүрлі түрде ұстап, жергілікті әскери басқару органдарына жеткізу туралы бейнематериалдардың таралуына байланысты Қорғаныс министрлігі келесіні хабарлайды:
«Қазақстанда азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру жыл сайын заңнамаға сәйкес жүргізіледі. Алайда шақыру науқаны барысында кейбір азаматтардың әскери қызметтен жалтаруы немесе заң бойынша келу талабын уақытылы орындамауы сияқты қиындықтар туындайды. Бұл көбіне азаматтардың тіркеуде тұрған мекенжайда тұрмауы немесе жаңа мекенжайға тіркелмеуімен байланысты».
Ведомство егер шақыру қағазын азаматқа жеке табыстау мүмкін болмаса, оны жеткізуді ішкі істер органдары жүзеге асыратынын нақтылайды. Рейдтер кезінде кейбір азаматтар полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, қарсылық көрсетеді, бұл олардың мәжбүрлі түрде жеткізілуіне себеп болады.
«Шақыру пункттерінде азаматтардың мерзімді әскери қызметке шақырылу негіздері бар-жоғы анықталады. Егер негіздер болмаса – азамат үйіне қайтарылады. Ал негіз болған жағдайда – медициналық тексеруден өтіп, әрі қарайғы шақыру шараларынан өтеді». ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі
Мерзімді әскери қызметтен жалтарғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғаны ескертіледі.
«Осыған байланысты, азаматтарды қолданыстағы заң талаптарын сақтауға және жалған ақпарат таратудан бас тартуға шақырамыз», делінген ресми хабарламада.
2025 жылдың 5 маусымында Сенатта өткен брифингте ҚР Қарулы Күштері Бас штабының бастығы – Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Сұлтан Қамалетдинов жастардың неліктен әскерге барудан қорқатынына қатысты өз ойымен бөліскен болатын.