Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Қорқытамын деп өртеп жіберген: Қостанайда ер адам бес жылға сотталды

Қостанайда таныс әйелге бензин шашып, өртеген ер адам бес жылға сотталды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Қостанайда жанжал кезінде әйелге бензин шашып, өртеп жіберген 34 жастағы ер адамға қатысты сот үкімі шықты.

Ол бес жылға бас бостандығынан айырылды.

Іс материалдарына сәйкес, оқиға тұрмыстық жанжал барысында болған.

Күдікті танысына бензин шашып, салдарынан өрт шыққан. Нәтижесінде жәбірленушінің денесінің шамамен 35 пайызын күйік шалған.

Сот отырысында айыпталушы әйелді тек қорқытпақ болғанын айтты. Оның сөзінше, бензин шашқаннан кейін жанармайы таусылған оттықты пайдаланған. Алайда отты тұтандыру үшін аз ғана ұшқынның жеткілікті екенін ескермеген.

Жәбірленуші соттан айыпталушыны қатаң жазалауды сұрады. Ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 106-бабының 1-бөлігі бойынша ең жоғары жаза — сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыруды талап еткен.

Мемлекеттік айыптаушы соттан алты жыл жаза тағайындауды сұрады. Алайда сот айыпталушының асырауында кәмелетке толмаған баласының барын және істің басқа да мән-жайларын ескеріп, оны бес жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Жазаны ол жалпы режимдегі түзеу колониясында өтейді.

Сонымен қатар сот шешімімен сотталушы жәбірленушіге материалдық және моральдық шығын ретінде 9 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттелді.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button