
Фото: Нұрболат Нұржаубай
Оқиға Атырауда орын алған. 61 жастағы ер адам әйелінің адал емес екеніне күдіктеніп, қызғаныштан өлтіргені анықталған. Сол қылмысы үшін ол 15 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды qandastar.kz. Белгілі болғандай әйел ешқандай сатқындық жасамаған.
Оқиға әріректе бастау алған. 30 жыл бұрын бір көршісі мас күйінде ер адамға оның бір қызы оныкі емес екенін айтыпкүдіктендіріп қойған. Бірақ келесі күні көршісіне ол сөзінің негізсіз екенін айтып, қатты мас болғанымен байланыстырған. Десе де бұл сөздер ер адамның ойынан кетпей, жылдар өте келе күдікке айналған.
Содан бері күдік сенімсіздікке ұласып, ер адам әйелін қызғанып, оны адал емес деп айыптап, ұрыстар шығаратын болған. Өзі де жиі ішімдікке салынып кеткен.
Биыл мамыр айының басында ескі реніші оянған. 6 мамыр күні мас күйінде кезекті жанжалда әйелін адал емессің деп тағы да айыптап, таңертең ұйықтап жатқанын әйелін көріп, қызғанышпен оны өлтіруге бел байлайды.
Сейфтен тіркелген аңшылық мылтығын алып, екі рет оқ атқан. Әйел сол жерде жан тапсырған. Артынша ол өзі полицияға қоңырау шалып, жасаған әрекетін мойындаған.
Тергеу және сот оның әрекетін Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлімі, 3-тармағымен кінәлі деп танылып, 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Атыраудағы бұл трагедия бір рет мас күйінде айтылған абайсыз сөздің сенімді бұзып, өмір мен отбасының тағдырын қалай жойып жібергенін көрсетті.