Жаңалықтар

Көшпенділер ойындары: 9 қыркүйекке арналған сайыстар кестесі жарияланды

фото: Астана қаласының әкімдігі

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының 9 қыркүйекке арналған ойын кестесі жарияланды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Сонымен, бүгін көкпардан 9 мемлекеттің спортшылары өзара мықтыны анықтайды. Бұл спорт түрінен барлығы 104 спортшы қатысады. Көкпардан бақ сынайтын құрамалар: Қазақстан, АҚШ, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Мажарстан, Қытай, Моңғолия және Түркия. Жарыс «Қазанат» ипподромында өтеді.

Ал ипподром маңындағы этноауылда өтетін аударыспаққа 9 мемлекеттен 64 спортшы тіркелген. Олар: Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Түркия, Мажарстан, Қытай, АҚШ және Ресей. Қазақстан намысын Ермек Құралбай, Алмат Ләтіпбек, Дарын Өткелбай, Есімхан Рахматіллә, Сырым Ізбасаров және Біржан Қосалиев қорғайды.

«Арғымақ» ат-спорт кешенінде дәстүрлі садақ атудан жарыс басталады. 33 мемлекеттен 183 спортшы бақ сынайды. Қазақстан құрамасы сапынан 10 спортшы қатысады. Жарыс үш түрлі нысана негізінде өткізіледі. Олар – Пута нысанасы 70/60 метр (9 оқтан 7 мүмкіндік), Қалқан нысанасы 60/50 метр (7 оқтан 7 мүмкіндік), Жамбы нысанасы 30 метр (5 оқтан 5 мүмкіндік) және командалық жарыс (30 метр).

Қазақ күресі Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді. Көшпенділер ойындарына қазақ күресінен 41 мемлекеттен 274 спортшы қатысады. Бұл спорт түрінен ерлер мен әйелдердің әрқайсысы 8 салмақ дәрежесінде сынға түседі.

«Алау» мұз айдыны сарайында өтетін курашқа 27 мемлекеттен 106 спортшы қатысады. Аталған спорт түрінен балуандар ерлер арасында 5 салмақта, әйелдер арасында 3 салмақ дәржесінде белдеседі. Ел намысын 8 спортшы қорғайды. Олар – Ернұр Сүлеймен, Айбек Қазақбаев, Нұрдін Шаймерден, Бекаділ Шаймерденов, Марат Байкамуров, Алтынай Нұрханова, Ажар Салықова және Альбина Бахиева. Айта кетейік, кураш спорты екі жарыс күніне бөлінген.

Саха халқының ұлттық спорты мас-рестлингтен жарысқа 31 мемлекеттен 98 спортшы қатысады. Аталған спорт түріне Қазақстан ұлттық құрамасы атынан 8 спортшы сынға түседі. Олар – Темірлан Шамет, Асылмұрат Бірімжан, Владислав Герасимов, Бердіқұл Алтай, Еркебұлан Ерлан, Жансая Рахметуллаева, Тахмина Гожамбердиева және Ольга Душаева. Мас-рестлинг спортынан бәсеке екі күн болады.

Бүгін асық атудан сынға түсетін спортшылар да жеребе тартып, қарсыластарын анықтады. Олар да 9 қыркүйекте «Алау» мұз айдыны сарайында бәсекеге түседі. Асық атудан 12 мемлекеттен келген 39 спортшы өзара мықтыны анықтайды. Асық атудан ел намысын 8 асық атушы қорғайды. Олар – Нұрқисса Молжігітов, Жомарт Нұрланов, Керім Жаздықбай, Амандос Айтқұлов, Перизат Елемес, Камила Даниярова, Сания Әскер және Көгершін Думан.

Финалдық ойындар 11 қыркүйекте өтеді.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close